Accessibility links

БАҚ: Польша биыл советтік 75 ескерткіштен арылмақ


Совет генералы Иван Черняховскийдің мүсінін тұғырдан алып жатқан жұмысшы. Польша, қыркүйек, 2015 жыл.
Совет генералы Иван Черняховскийдің мүсінін тұғырдан алып жатқан жұмысшы. Польша, қыркүйек, 2015 жыл.

Польшаның ұлттық жады институты билікке биылғы жылы елдегі Қызыл армия, совет партизандары және әскери тұтқындарға қатысты ескерткіштерді алып тастауды ұсынды. Аталған ескерткіштер Польша жерінде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тұрғызылған. Бұл туралы Польша тарабы ұсынған ескерткіштер тізіміне сілтеме жасап ресейлік "Коммерсантъ" басылымы хабарлады.

Тізімге 13 воеводство (Польшадағы аймақтық бірлік - ред.) жеріндегі ескерткіштер енгізілген. Олардың кейбірін ендігі алып тастаған. Үлкен қалаларда төрт ескерткіш бар, олар – Варшавадағы Скарышев саябағында Қызыл армияға ризашылық ескерткіші, Вроцлавтағы екі обелиск және Лодзи қаласындағы мемориалдық тақтай. Қалған ескерткіштер шағын қалалар мен шалғайдағы ауылды жерлерде орнатылған.


Совет жауынгерлері жерленген бауырластар зиратындағы ескерткіштер халықаралық конвенциялар және Ресей мен Польша арасында "соғыс пен агрессия құрбандары" қорымы туралы жасалған келісімшартқа сәйкес қорғауға алынған нысан саналады. Польша жерінде шамамен 700-ге жуық осындай қорымдар бар. Польша мәдениет және ұлттық мұра министрлігінің ресми өкілі Анна Бочанның сөзінше, Варшава құжат тек зираттар мен кешендерді қорғауға қатысты қолданылады, ал қарулас бауырластар пен Қызыл армияға ризашылық тәрізді символикалық ескерткіштерге оның күші жүрмейді деген ұстанымында қалады.

Өткен жылы Польша президенті Анджей Дуда ғимараттар мен нысандар атауында коммунистік пропаганда немесе тоталитарлық құрылыстың өзге де нышандарын қолдануға тыйым салатын заң өзгерістерін мақұлдаған. Бұл өзгерістерге сәйкес, Польшада совет заманында тұрғызылған ескерткіштер алынуы тиіс. Кей деректер бойынша, Польша аумағында әлгіндей 469 нысан бар, олардың 250-і Қызыл армияға арналған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG