2016 жылғы маусымның соңында Қытайдағы әкесіне қыдырып барып, екі жылдан астам уақыт сол елде қалуға мәжбүр болған Қазақстан азаматы Гөзалнұр Жеңісқазы бүгін Алматыға жетті. Оны Алматыдағы "Сайран" автобекетінде туыстары күтіп алды. Шілденің 5-і күні Үрімжіден Астанаға ұшақпен жеткен Гөзалнұр ол қаладан Алматыға дейін автобуспен келді.
Гөзалнұр Жеңісқазының Қазақстанда қалған екі жарым жастағы қызы мен төрт жарым жастағы ұлы да бүгін аналарын күтіп алуға әкелерімен бірге барды.
Автобекетте журналистерге берген сұхбатында Гөзалнұр жеке басын куәландыратын құжаттарының жоғалуына байланысты кері қайта алмай қалғанын, "кінә өзінен" екенін айтты.
- Құжатымды жоғалтып алған соң напостымды (Қытайдың тіркеу құжаты - ред.) қалпына келтірдім, сол өз қателігім болды, - деді ол.
Гөзалнұр Қытайда өзін бір айға "саяси тәрбие" орталығына жібергенін, бірақ Қазақстан консулдығы қызметкерлерінің араласуымен бір апта ғана орталықта ұстағанын айтады. Бірақ ол Қытайда басынан кешкені жайлы тәптіштеп айтуға ықылыс білдірмеді.
Оқи отырыңыз: Шыңжаңдағы "саяси лагерьді" ішінен көрген қазақ
Әйелі Гөзалнұр Жеңісқазы Қытайдан қайта алмай, екі баласын жалғыз асырап отырған Жеңіснұр Аятхан жайлы Азаттық бұған дейін "Күткендер" деректі фильмінде баяндаған. Фильм жарияланғаннан кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі өкілдері Жеңіснұрмен байланысқа шығып, Қытайдағы әйелін елге қайтару қамына кіріскені туралы хабарлаған.
Азаттықтың "Күткендер" деректі фильмі:
Гөзалнұр Жеңісқазы 2007 жылы он жасында туыстарымен бірге Қазақстанға қоныс аударған. 2012 жылы ол Қазақстан азаматтығын алған.
ПІКІРЛЕР