Accessibility links

Арменияда бейбіт шеруге шабуылға күдікті мэр қамалды


Армениядағы Масис қаласының мэрі Давид Амбарцумян. Ереван, 2 маусым 2018 жыл.
Армениядағы Масис қаласының мэрі Давид Амбарцумян. Ереван, 2 маусым 2018 жыл.

Армениядағы Масис қаласының мэрі Давид Амбарцумянға "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған" және оның барысында зомбылық көрсеткен", "қару немесе өзге заттарды қару ретінде қолданып бұзақылық жасаған" деген айыптар тағылып, сот шешімімен ол қамауға алынды. Бұл туралы Азаттықтың Армян қызметі хабарлады.

Мэрдің бауыры Гор Амбарцумянға "ұйымдасқан топ құрамында қару қолданып, бұзақылық жасаған" деген айып тағылған. Сот оны тұтқындауды сұраған тергеу органы өтінішіне қатысты әзірше шешім қабылдамаған.


Армения тергеу органы сәуірдің 22-і күні Ереванның Эребуни ауданында болған оқиғаны Давид Амбарцумян ұйымдастырған деп санайды. Ол жолы оппозициялық депутат Никол Пашинянның үндеуін қолдап, үкіметке қарсы бейбіт шеруге шыққан азаматтарға бет-жүзіне медициналық маска таққан жай киімдегі белгісіз адамдар тас, шоқпар және электрошокермен шабуылдаған. Салдарынан шеруге қатысушы бірнеше адам жарақат алған.

Оппозицияның бейбіт шеруіне белгісіз адамдардың шабуыл жасаған сәті түсірілген видеодан скриншот. Ереванның Эребуни ауданы, 22 сәуір 2018 жыл.
Оппозицияның бейбіт шеруіне белгісіз адамдардың шабуыл жасаған сәті түсірілген видеодан скриншот. Ереванның Эребуни ауданы, 22 сәуір 2018 жыл.

Бұған дейін тергеу органы Амбарцумянды ұстап, айып тағып, соттан оны тұтқындауды сұраған. Сот күдіктіні тұтқындауға негіз жоқ деп тапқан. Кейін тергеу орындары сотқа жаңа деректер ұсынған.

Биыл сәуірде Арменияда ел президенті қызметін қатарынан екі мерзім атқарған Серж Саргсянның енді құзыреті кеңейтілген үкімет жетекшісі ретінде билікке қайта келмек болған әрекеті наразылыққа кезіккен. Үш апта бойы жалғасқан жаппай қарсылық шерулерінен кейін сәуірдің 23-і күні Саргсян премьер-министр қызметінен отставкаға кеткен. Бұдан соң Армения парламенті он күн ішінде екі рет дауыс беріп, үкіметке қарсылық қозғалысын басқарған оппозиция лидері Никол Пашинянды мамырдың 8-і күні елдің жаңа премьер-министрі етіп бекіткен.

Пашинянның жеңісін жұрттың тойлағаны туралы видео (8 мамыр 2018 ж.):

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG