Accessibility links

Мәскеуде диссидент Сергей Григорьянцты көлік қаққан


Сергей Григорьянц.
Сергей Григорьянц.

Шілденің 7-сі күні Мәскеуде совет диссиденті әрі бұрынғы саяси тұтқын, ресейлік құқық қорғаушы Сергей Григорьянцты автокөлік қағып, оның аяғына зақым келгені туралы "Эхо Москвы" хабарлады. Көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен.

77 жастағы Сергей Григорьянц бұл оқиға әдейі жасалған болуы да мүмкін деп санайды. Ол алған жарақаты әдеби шығармашылық жұмысына кедергі келтіретінін айтады.

1975 жылы СССР мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) Сергей Григорьянцты тұтқындап, кейін сот оған "антисоветтік үгіт-насихаты" үшін бес жыл түрме жазасын тағайындаған. Бостандыққа шыққан соң, 1982-1983жылдары Сергей Григорьянц СССР-де адам құқығы бұзылып отырғаны туралы ақпаратты жасырын қолжазба басылым (самиздат) арқылы таратумен айналысқан. Құқық қорғау қызметі үшін Григорьянцты 1983 жылы совет өкіметі қайта тұтқындап, қатаң тәртіптегі түрмеге жеті жылға қамаған.


Горбачев билігі кезінде "қайта құру" жарияланып, 1987 жылы рақымшылық бойынша түрмеден босап шыққаннан кейін Сергей Григорьянц құқық қорғаушы қызметін жалғастырған. Ол коммунистік жүйені сынайтын "Гласность" ("Жариялық") деп аталатын журнал шығарған.

1995 жылы қаңтарда диссиденттің 20 жастағы студент ұлы Тимофей Григорьянцті автокөлік қағып өлтірген. Құқық қорғаушының әріптестері Мәскеудің Шешенстандағы әскери іс-әрекеттерін ымырасыз сынап жүрген Григорьянцтен мемлекеттік қауіпсіздік органдары осылайша өш алды деп санайды.

1989 жылы Сергей Григорьянцты Дүниежүзiлiк газет ассоциациясы (WAN) "Азаттықтың алтын қаламы" халықаралық сыйлығымен марапаттаған. Ол 1990 жылдары люстрация жүргізуді жүйелі түрде талап етіп, кезінде өзінен тәркіленген архивті қайтаруды талап етіп, КГБ-ны сотқа берген.

Сергей Григорьянц Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путиннің саясатын қатты сынап жүргендердің бірі. Өз айтуынша, қазір ол үш кітап – түрмеде көргендері, Варлам Шаламов туралы естеліктер және қазіргі заманғы Ресейде федералдық қауіпсіздік қызметінің билікке өрлеу тарихы жайлы еңбектер жазып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG