Accessibility links

Совет түрмесінде 26 жыл отырған украин қайраткері өмірден озды


Левко Лукьяненконың 2016 жылғы суреті.
Левко Лукьяненконың 2016 жылғы суреті.

Шілденің 7-і күні Киевте совет тұсындағы украин диссиденті әрі саясаткер, украиналық Хельсинки тобының негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, жазушы, Украина қахарманы атағының иегері, Украина халық депутаты, 1991 жылғы тамыздың 24-індегі "Украина тәуелсіздігін жариялау актін" жазған Левко Лукьяненко 89 жасында қайтыс болды. Бұл туралы Азаттықтың Украин қызметі хабарлады.

Левко Лукьяненко 1928 жылы Украинаның Чернигов облысында дүниеге келген. Совет армиясында қызмет атқарған. 1953 жылы советтік коммунистік партия қатарына өткен ол Мәскеу мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түскен.

Осы оқу орнын 1958 жылы құқықтану мамандығы бойынша бітіріп шыққан соң Львов облысында аудандық партия комитетінде, прокуратурада қызмет атқарған. Сол жылдары ол совет билігіне оппозициялық "Украиналық жұмысшы-шаруа одағын" ("Українська робітничо-селянська спілка") құрған. Бұл ұйым Украинаның СССР құрамынан шығуын жақтаған. Осындай "антисоветтік үгіт-насихаты" үшін совет билігі 1961 жылы Левко Лукьяненконы ату жазасына кескен. Бірақ кейін оны 15 жылдық түрме жазасына ауыстырған.


1976 жылы бостандыққа шыққаннан кейін Левко Лукьяненко украиналық Хельсинки тобының негізін қалаушылардың бірі болды. 1978 жылы совет билігі оны тағы да тұтқындап, 10 жылға түрмеге қамау және 5 жылға жер аудару туралы үкім шығарды. Левко Лукьяненко түрмеден 1988 жылы босап шықты. Осылайша ол жиыны 26 жылын совет түрмесінде өткізді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG