Accessibility links

Ақтөбенің базарынан өрт шығып, сөндірілді


Ақтөбе базарында биыл 25 мамыр күні билік өрт қауіпсіздігіне байланысты шараларды қолға алғанда болған наразылық. 2018 жыл
Ақтөбе базарында биыл 25 мамыр күні билік өрт қауіпсіздігіне байланысты шараларды қолға алғанда болған наразылық. 2018 жыл

Ақтөбедегі орталық базардан өрт шықты. Бұл туралы хабар Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментіне (ТЖД) 9 шілде күні сағат 16:36 шамасында түскен. Департамент мәліметінше, өрт орталық базардың әкімшілік ғимаратынан басталған. Ғимараттың үшінші қабатынан шыққан өрт 160 шаршы метр аумақты шарпып үлгерген.

Ақтөбе облыстық ТЖД хабарлауынша, дүйсенбі тазалық күні болғандықтан, орталық базар жабық болған. Осы себепті базардағы өрттен зардап шегіп, құрбан болған ешкім жоқ.

Ақтөбенің орталық базарында өрт қауіпсіздігі сақталмайтындығы туралы осыған дейін де айтылып жүр. Биыл 25 мамыр күні Ақтөбедегі осы базардың ондаған сатушысы наразылық білдіріп, сол маңдағы автокөлік жолдарын жауып тастаған болатын. Саудагерлер базар басшылығының «үш тәулік ішінде орынды босату» туралы талабына осылайша наразылық білдірген. Базар әкімшілігі мен саудагерлер арасындағы дау Ақтөбе облыстық ТЖД орталық базарды тексеріп, өрт қауіпсіздігіне қатысты 32 заң бұзу фактісін анықтағаннан кейін басталған.

Оқи отырыңыз: Базардағы наразылық әкімдіктегі даумен жалғасты

- Біз әдетте, базарды жылына бір рет қана тексеретінбіз. Онда да базар әкімшілігіне бір ай бұрын ескертіп қоятынбыз. 21 сәуір күні ескертусіз барып тексердік. Орталық базардағы өрт сөндіру техникасы жүретін жолдардың бәрі сауда алаңына айналған. Халықты эвакуация жасайтын жол бойындағы сауда орындарын сатушылар тез жанатын маталармен көлегейлеп, шатыр жасап алған. Өрт шыға қалған жағдайда оның бәрі өртеніп, халықтың үстіне құламай ма? Одан бөлек өрт дабылдары да жұмыс істемей тұр. Бұл жағдай жыл сайын қайталанады. Базар әкімшілігі тексерушілер барар кезде бәрін тәртіпке келтіріп қояды да, кейін білгендерін істейді, - деді Ақтөбе облыстық ТЖД басшысы Бауыржан Сыздықов саудагерлер наразылығынан соң. Алайда, базар басшылығы сол жолы «тексерушілер барар кезде бәрін тәртіпке келтіріп қоятындарын» жоққа шығарып, ТЖД талабын тез арада қалыпқа келтіретіндерін хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG