Accessibility links

Шымкентте белсенді жанұясымен бірге наразылық танытты


Белсенді Нұржан Мұхаммедовтің балалары наразылық танытып тұр. Шымкент, 10 шілде 2018 жыл.
Белсенді Нұржан Мұхаммедовтің балалары наразылық танытып тұр. Шымкент, 10 шілде 2018 жыл.

Шымкентте шілденің 10-ы күні азаматтық белсенді Нұржан Мұхаммедов жанұясымен бірге қала әкімдігі алдында полицияның өзін аңдып, қудалауын тоқтатуды талап етіп, наразылық акциясын өткізді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Мұхаммедов әкімдік алдына наразылық танытуға бес баласы және әйелімен бірге шықты. Балалары қолдарына "Біз құл емеспіз. Қудалауды тоқтат" деп жазылған ақ парақтар ұстап шықты.

Мұхаммедов 10 мамырда "саяси тұтқындарды босату талабымен митингіге шыққаны" үшін әуелі ескерту алып, кейін мамырдың 25-інде 10 тәулік әкімшілік қамауға алынған, 4 маусымда босап шыққан. Ол содан бері полиция қызметкерлерінің өзін аңдып, түрлі қысым көрсете бастағанын айтып, өзін қала әкімімен кездестіруді талап етті. Бірақ ол өзіне қысым жасала бастағаны туралы еш жерге шағымданбаған.

Қала әкімі шықпаған соң, Нұржан Мұхаммедов әкімдік алдында өзімен ала келген бензинін үстіне құйып, өртемек болған. Әкімнің шығуын талап ете бастағанда оны бірнеше полицей қоршап алды. Бірақ қолына отжаққыш алып алған белсенді қасына ешкімнің жоламауын талап етті.

Белсенді Нұржан Мұхаммедов (сол жақта) полицейлердің өзін қудалауын тоқтатуды талап етіп тұр. Шымкент, 10 шілде 2018 жыл.
Белсенді Нұржан Мұхаммедов (сол жақта) полицейлердің өзін қудалауын тоқтатуды талап етіп тұр. Шымкент, 10 шілде 2018 жыл.

Осы уақытта қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай шығып, белсендімен әңгімелесті, оған ішке кіріп сөйлесуді ұсынды.

Белсенді мен оның отбасы ішке кіргенде қала прокуроры мен полиция бөлімінің басшысы келді.

​Кездесуге әл-Фараби ауданының әкімі де келіп қатысты. Кездесуде белсенді өзінің шағымын білдіріп, қудалауды тоқтатуды талап етті. Қайрат Нұртай белсендінің шағымына байланысты полицейлерге қызметтік тексеру жүргізілетінін айтты.

Белсенді өзінің қала шетіндегі ықшам ауданда пәтер жалдап тұрып жатқанын, бірақ таяуда пәтер иесі учаскелік полицей өзіне айыппұл салатынын айтқан соң белсендінің отбасын пәтерден шығарып жібергенін айтты. Олар қазір өздері жұмыс істейтін дүкеннің қоймасында тұрып жатыр.

Кездесуден соң әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов отбасымен бірге олардың тұрып жатқан жеріне барып көріп, әкімшілік тарапынан көмек беруді қарастыратынын айтты.

Нұржан Мұхаммедов қалалық Ішкі істер басқармасынан алғашында ескерту алған. Бірақ мамырдың 25-і күні қалалық мамандандырылған әкімшілік соты оны заңсыз митингіге шыққаны үшін Әкімшілік кодекстің “митинг, пикет өткізу ережесін бұзу" бабымен айыпты деп танып, 10 тәулікке қамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG