Accessibility links

Түркіменстанда сотталушыларға туыстарымен кездесуге рұқсат берді


Түркіменстандағы түрмелердің бірі (Көрнекі сурет).
Түркіменстандағы түрмелердің бірі (Көрнекі сурет).

Түркіменстанда "ар-ұждан тұтқындарының түрмесі" аталып кеткен Овадан-депедегі колонияда ондаған сотталушы бірінші рет туыстарымен кездесуге рұқсат алды деп хабарлайды "Мемориал" құқық қорғау орталығы.

Аталған ұйым мәліметіне қарағанда, туыстарымен кездесуге рұқсат алғандардың ішінде түркиялық ислам дін уағызшысы Саид Нұрсидің ілімін оқыған төрт адам бар. Олар былтыр мамыр және маусым айларында ұсталған.

"Сенімді дереккөз ақпараты бойынша, 2018 жылдың 28 маусымында "ислам экстремизмі" бойынша сотталған отыздан астам сотталушының туысы Ашхабадтан автобуспен Овадан-депедегі тергеу абақтысына жеткізілген. Туыстары мен сотталушылар ортасын бөліп тұратын әйнек арқылы 40 минуттай уақыт сөйлескен" деп хабарлайды "Мемориал".

Овадан-депе түрмесі Түркіменстан астанасы Ашғабадтан 70 шақырым қашықта орналасқан. Бұл түрме өте қатаң режимдегі колония ретінде аты шыққан. Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл жерге негізінен саяси астармен айыпталған сотталушыларды жібереді.


Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәліметі бойынша, Түркіменстада әр жылдары түрлі саяси астары бар айыптармен сотталған жүз шақты адамның тағдыры әлі күнге дейін белгісіз.

"Олардың тірі екенін дәлелдеңіз" халықаралық кампаниясының мәліметінше, Түркіменстан түрмелерінде зорлық пен азаптау көріп, із-түзсіз жоғалған 113 адам тіркелген. Соңғы екі жылда бұл адамдардың бірнешеуінің денесі туыстарына жерлеуге берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG