Accessibility links

Қырғызстан соты "Йакын Инкар" ағымы өкілінің жазасын өзгертпеді


"Йакын Инкар" діни тобының мүшесі делінген күдіктілер (Көрнекі сурет).

Қырғызстанның Нарын облыстық соты тыйым салынған "Йакын Инкар" діни бірлестігінің мүшесі Жолдошбек Ипасовқа шығарылған үш жыл бас бостандығынан айыру жөніндегі үкімді күшінде қалдырды.

Діни топ мүшесі биыл ақпан айында "экстремистік мазмұндағы әдебиеттерді сақтады" деген айыппен ұсталған. Дәл осындай айыппен төрт адам ұсталып, оның екеуі сотталған еді. Қазір аталған ұйымның тағы он бес мүшесі арнайы есепте тұр.

Нарын облыстық соты Куланак ауылының тұрғыны Жолдошбек Ипасовқа қатысты сот шешімін 1 маусымда шығарған. Ақпан айында милиция қызметкерлері оның үйінен "Йакын Инкар" ағымының "идеологиясын насихаттайтын" әдебиеттер тапқан. Сотталушының туыстары сот шешіміне келіспей, облыстық сотқа шағымданған.

"Бауырымның билікке, мүфтиятқа бағынбағанын мойындаймын. Бірақ ол қоғамға ешқандай зиян келтірген жоқ. Ол намаз оқиды. Балалары мектепке барады. Ол телевизор көрмейтін, телефон ұстамайтындардың қатарынан емес. Өз бетінше өмір сүреді", - дейді сотталушының ағасы Кубатбек Ипасов.

"Йакын Инкар" - "Таблиги жамағат" діни қозғалысынан бөлініп шыққан ағым. Бұл ағымды ұстанушылар Мұхаммед пайғамбар заманындағыдай өмір сүруге тырысады. Ұзын шаш қойып, дәстүрлі араб киімін киеді. Техникалық жетістіктердің барлығынан бас тартады. Қырғызстанда бұл ұйымның қанша мүшесі бар екені белгісіз.

2017 жылы Бішкектің Октябрь аудандық соты "Йакын Инкар" ұйымын экстремистік деп танып, Қырғызстан аумағында қызметіне тыйым салған.

"Таблиғи жамағат" ұйымына Қырғызстанда тыйым салынбағанымен, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресейде тыйым салынған.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNews 24.05.2019
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:14:31 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG