Accessibility links

Ауғанстанда "Талибан" шабуылынан ондаған сарбаз оққа ұшты


Кабул маңында тексеру және өткізу бекетінде тұрған ауған сарбаздары. Ауғанстан, 10 шілде 2018 жыл (Көрнекі сурет).
Кабул маңында тексеру және өткізу бекетінде тұрған ауған сарбаздары. Ауғанстан, 10 шілде 2018 жыл (Көрнекі сурет).

Ауғанстанның солтүстігіндегі Кундуз уәлаятында бір уақытта бірнеше жерде жасалған шабуылдан ондаған ауған сарбазы қаза тапты. Шабуылдарға жауапты "Талибан" қозғалысы мойнына алды.

"Біз де, "Талибан" да шығынға ұшырадық" деді Ауғанстан қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Мохаммад Радманиш France-Press агенттігіне. Ол уәлаятта тәліптерге қарсы әуеден және құрлықтан шабуыл жасалып жатқанын айтты.

Шенеуніктің мәліметінше, содырлар Дашт-и-Арчи ауданында армия базасы мен тексеру және өткізу бекеттеріне бір уақытта жасаған шабуылында түнде көруге арналған қаруларды пайдаланған және артиллериядан оқ жаудырған.

"Бізде түнде көруге арналған қару-жарақ жоқ болғандықтан, тәліптер сарбаздарға көрінбей оларға жақын араға келе алады" деген Ауғанстан армиясы командирлерінің бірі.

Тәліптер ауған әскери нысандарына шабуылында "Хамви" әскери көлігі, арнайы қару-жарақтар, оның ішінде түнде көруге арналған америкалық құралдарды заңсыз иелену арқылы қаруланып жатыр.

Шабуылдардан қанша адам қаза тапқаны туралы әзірге ресми мәлімет жоқ. Бірақ Associated Press және France-Presse агенттіктері өз дереккөздеріне сілтеме жасап, қауіпсіздік қызметінің кем дегенде 40-қа дейін сарбазы қаза тауып, ондағаны жараланғанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG