Accessibility links

Иранда "түрмеде ең ұзақ отырған" саяси тұтқын көз жұмды


Аббас Әмір Ентезамның 2007 жылы түскен суреті.
Аббас Әмір Ентезамның 2007 жылы түскен суреті.

Иранның бұрынғы вице-премьері, құқық қорғау ұйымдары "Ирандағы түрмеде ең ұзақ отырған саяси тұтқын" деп таныған Аббас Әмір Ентезам 12 шілде күні 86 жасында қайтыс болды. Иранның IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігінің Аббас Әмір Ентезамның әйеліне сілтеме жасап хабарлауынша, ол түрмеден босап шыққаннан кейін денсаулығы нашарлап, "жүрегі тоқтап" қайтыс болды.

Либерал ретінде танылған Аббас Әмір Ентезам 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін көз ұзамай "тыңшылық жасады" және "мемлекетке сатқындық істеді" деген айыппен ондаған жыл түрмеде отырған.

Ентезамның түрмеден қашан шыққаны және үйіне қандай жағдайда оралғаны белгісіз.

Аббас Әмір Ентезам Иран шахын биліктен құлатқан революциядан соң Мехди Базарган басқарған уақытша үкіметте премьер-министрдің орынбасары және үкіметтің баспасөз хатшысы болды.

Бірақ Ентезам Иранды ислам республикасына айналдыруға қарсы шықты. Бұдан соң үкімет оны Швецияға елші қылып жіберіп, кейін қайта шақыртып алды да, тұтқындады. 1981 жылы ол "АҚШ-тың пайдасына тыңшылық жасады" деп айыпталып, түрмеге жабылды. Бірақ ол айыбын мойындаған емес.

17 жыл түрмеде отырып шыққан Ентезам 1998 жылы Тегеранға жақын Евин түрмесінің бұрынғы басшысын сынаған соң қайта тұтқындалды.

Аз уақыт бостандықта жүрген Ентезам Иранның саяси жүйесін реформалау жөнінде референдум өткізуге шақырған соң 2000-жылдардың басында қайта қамалып, түрмеге жабылды.

Өткен жылы БАҚ-қа берген сұхбатында ол түрмеде жабылған алғашқы алты әлде жеті жыл бойы бойы отбасымен көрісу мүмкіндігінен айырылғанын есіне түсіріп, көзіне жас алған.

Құқық қорғау ұйымдары Аббас Әмір Ентезамды Иранда түрмеде ең ұзақ уақыт отырған саяси тұтқын деп атап, талай жыл оған қолдау көрсетті. 1997 жылы ол адам құқығы саласына қосқан үлесі үшін берілетін Австрияның Бруно Крайский сыйлығына ие болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG