Украиналық режиссер Олег Сенцовтың анасы Людмила Сенцова Ресей президенті Владимир Путиннен ұлына рақымшылық жасауды сұрап, өтініш жасады. Сенцованың 22 маусымда жазған өтініш хатын "Эхо Москвы" радиостанциясы жариялады.
"Олегтің кінәлі емесіне сенімді болсам да, оған сізді сендіре алмаймын. Тек оның ешкімді өлтірмегенін айта аламын. Ол ендігі төрт жылын түрмеде өткізді. Оны балалары күтіп жүр, кіші ұлы аутизммен ауырады. Балаларға әкелері болмаса қиын" деп жазды Людмила Сенцова. Ол Владимир Путинді рақымшылық танытып, ұлы мен жақындарының сағын сындырмауды сұрады.
Олег Сенцовтің өзі Путиннен рақымшылық жасау туралы өтініш білдіруден бас тартқан.
Бұған дейін Ресей билігіне Сенцовқа рақымшылық жасау туралы екі рет өтініш жасалған. Еуропа кеңесінің төрағасы Турбьерн Ягланд Владимир Путиннің атына Сенцовқа рақымшылық жасауды сұрап ресми хат жолдаған. Адвокат Дмитрий Динзенің айтуынша, екінші хатты жергілікті ұйым жазған. Кремльдің баспасөз қызметі Ягландтың өтініші қандай да бір іс-қимыл жасауға негіз бола алмайтынын мәлімдеген.
Олег Сенцов 2015 жылы Ресейде Украинадан аннексияланған Қырым түбегінде теракт ұйымдастырмақ болды деген айыппен сотталған. Сенцов өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Адвокаттар мен құқық қорғаушылар оған қарсы істің қолдан жасалғанын айтады.
14 мамырда Олег Сенцов өзін және Ресейдегі саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, түрмеде аштық жариялаған. Бірнеше елде Сенцовты қолдаған акциялар өтіп жатыр.
13 шілдеде Олег Сенцов 42 жасқа толды.
ПІКІРЛЕР