Accessibility links

Сайрагүл Сауытбай: Қазақстанда кез-келген жазаға келісемін


Сот қызметкері Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың қолына кісен салып жатыр. Жаркент, 9 шілде 2018 жыл.

Жаркенттегі Панфилов аудандық сотында Қытайдан Қазақстанға заңсыз өтіп кетті делінген Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтару мәселесі бойынша сот процесі 12 шілдеде одан ары жалғасты. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, бүгінгі сотқа Алматыдағы Қытай консулдығының өкілдері де келді.

Бүгінгі сот отырысында әуелі прокурор Арзыгүл Имярова Сайрагүл Сауытбайға ресми айыптау актісін оқыды. Прокурордың сөзінше, Сайрагүл Сауытбай Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392 - бабы ("шекараны заңсыз бұзып өту") бойынша айыпты деп танылған.

Сот тергеуі кезінде Сайрагүл Сауытбай өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын айтты. Өзіне Қытайда саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жол қалмағанын мәлімдеді. Сауытбайдың сөзінше, ол Қытайда құпия саналатын "саяси үйрену орталықтарында" жұмыс істеген, "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат берген.

- Қазақстанда тиісті органдарға өз аяғыммен барамын деп ойлағам. Бірақ ауруханаға жапты. Одан шыққан күні ертеңіне алып кетті мені. Үйге келгеннен кейін телефонымды, Қорғас сауда орталығына кіруге болатын рұқсат қағазымды өртеп жібердім. Өйткені Қытай жағы телефон арқылы тауып алады деп ойладым. Мені Қазақстанда ұсталғанда хаттамаға қол қойдырды. Бірақ мен ол жазуды оқи алмаймын, - деді Сайрагүл Сауытбай.

Оқи отырыңыз: "Қазақстанға заңсыз өткен" Қытай қазағының соты басталды

Сайрагүл Сауытбай Қытайда өзін өлім жазасы күтіп тұрғанын, Қазақстанда кез-келген жазаға келісетінін айтты.

Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспанның Азаттық тілшісіне айтуынша, Сайрагүл Сауытбайды Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қытай тарапы оны іздеуге берген соң ұстаған.

Ол Сайрагүл Қытайда қысымға ұшырағанын, Қазақстан Адам құқықтары туралы халықаралық пактіге Қазақстан қол қойғандықтан, оны осы елде қалдыруға мүмкіндік барын айтады.

Адвокаттың сөзінше, Қазақстан заңы бойынша, Сайрагүл Сауытбай кінәлі деп танылса, елден шығарылады.

Мамырдың ортасында Алматы облысының тұрғыны Уәли Сіләм әйелі Сайрагүл Сауытбайды Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті деген айыппен ұстап алып кеткенін хабарлаған.

Қытайдан "заңсыз өткен" Сайрагүл Сауытбайдың соты (9.07.2018)

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG