Кремль украиналық режиссер Олег Сенцовтың анасының президент Владимир Путиннен ұлына рақымшылық жасауды сұраған өтініші "назардан тыс қалмайтынына" уәде берді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Сенцовтың анасы Людмила Сенцованың хаты президент әкімшілігіне түскен-түспегенін білмейтінін, бірақ өтініш "сөзсіз қаралатынын" мәлімдеді.
Олег Сенцов 2015 жылы Ресейде Украинадан аннексияланған Қырым түбегінде теракт ұйымдастырмақ болды деген айыппен 20 жылға сотталған. Сенцов өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Адвокаттар мен құқық қорғаушылар оған қарсы істің қолдан жасалғанын айтады. Олег Сенцовтің өзі Путинге рақымшылық жасау туралы өтініш білдіруден бас тартқан.
13 шілде - Олег Сенцовтің туған күнінде анасы Людмила Сенцованың президент Владимир Путинге ұлына рақымшылық жасауды сұрап хат жазғаны хабарланған. "Олегтің кінәлі емесіне сенімді болсам да, оған сізді сендіре алмаймын. Тек оның ешкімді өлтірмегенін айта аламын. Ол ендігі төрт жылын түрмеде өткізді. Оны балалары күтіп жүр, кіші ұлы аутизммен ауырады. Балаларға әкелері болмаса қиын" деп жазған Людмила Сенцова.
14 мамырда Олег Сенцов өзін және Ресейдегі саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, түрмеде аштық жариялаған. Бірнеше елде Сенцовты қолдаған акциялар өтіп жатыр.
ПІКІРЛЕР