Accessibility links

Навальныйды "қаралауға" көнбеген Петр Офицеров қайтыс болды


Оппозиционер Алексей Навальныймен бірге "Кировлес ісі" бойынша айыпталған кәсіпкер Петр Офицеров Жоғарғы соттың отырысына қатысып отыр. Мәскеу, 16 қараша 2016 жыл.
Оппозиционер Алексей Навальныймен бірге "Кировлес ісі" бойынша айыпталған кәсіпкер Петр Офицеров Жоғарғы соттың отырысына қатысып отыр. Мәскеу, 16 қараша 2016 жыл.

Шілденің 13-і күні кешкісін Ресейде осыдан бірнеше жыл бұрын оппозиционер Алексей Навальныймен бірге атышулы "Кировлес ісі" бойынша айып тағылып, сотталған кәсіпкер Петр Офицеровтің қайтыс болғаны туралы хабар тарады. Бұдан бір апта бұрын миы шайқалып, бас сүйегіне зақым келген кәсіпкердің ауруханаға түскені туралы ақпарат тараған еді. Оның жарақатының себебі әзірше белгісіз қалып отыр.

Петр Офицеровтің қазасы жайлы алдымен журналист Евгения Альбац пен "Медуза" сайты хабарлады, бірақ бұл ақпараттың қайдан алынғаны туралы ештеңе айтпады. Кәсіпкердің қайтыс болғанын онымен бірге істі болып, сотқа тартылған Алексей Навальный да растады.

"Жүйе қамап, қинап, өмірі мен бизнесін быт-шыт еткен адамнан бір жапырақ қағаз алмақ болды. Жалған куәлікті. Ал ол бұл жүйені тіпті сыбаған да жоқ. Ол түйсігі бар адам расымен ондай қылыққа барады деп ойлайсыңдар ма деп әлгілерге түсінбей қарайтын. Және өз ұстанымынан бір миллиметр де шегінген жоқ... Тыныш ұйықта, Петя Офицеров, нағыз адал адам", - деп жазды Алексей Навальный сенбі күні.


2013 жылғы шілдеде Ресей соты Петр Офицеровті "Кировлес ісі" бойынша айыпты деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айыру және 500 мың рубль көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарған. Соттағы соңғы сөзінде Офицеров өзіне бірге жауапқа тартылған Алексей Навальныйды "кінәлі" ету жөнінде ұсыныс жасалғаны туралы мәлімдеген.

2013 жылғы қазанда Киров облыстық соты Офицеровке тағайындалған жаза түрін шартты мерзімге ауыстырған. 2016 жылы ақпанда Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты Ресей сотының "Кировлес ісі" бойынша Алексей Навальный мен Петр Офицеровке шығарған үкімін әділетсіз деп танып, ресейлік билік орындары оның күшін жоюы тиіс деген ұйғарым шығарған.

Істі қайта қараған Ресейдің Киров қаласының соты Навальный мен Офицеровті "қаржы жымқырғаны" үшін бірнеше жылға бас бостандығынан шартты түрде айырып, оларды қылмыстық істе көрсетілген шығынның орнын толтыруға міндеттеген.

Петр Офицеров "Кировлес ісі" бойынша өткен екі сотта да бөтеннің мүлкін жымқыру туралы тағылған айыпты мойындаудан және Алексей Навальныйға қарсы куәлік етуден бас тартқан.

Навальныйдың айтуынша, 43 жастағы Петр Офицеровтің артында алты баласы қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG