Accessibility links

БАҚ: Макрон Путинмен Сирия, Иран мен Украина жайлы сөйлеспек


Франция президенті Эммануэль Макрон (оң жақта) және Ресей президенті Владимир Путин. Санкт-Петербург, Ресей, 24 мамыр 2018 жыл.
Франция президенті Эммануэль Макрон (оң жақта) және Ресей президенті Владимир Путин. Санкт-Петербург, Ресей, 24 мамыр 2018 жыл.

Франция президенті Эммануэль Макрон жексенбі күні Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен кезде Украина, Иран мен Сирия туралы сөйлеспек ниетте. Бұл туралы Франция президентінің төңірегіндегі дереккөзге сілтеме жасап Reuters агенттігі хабарлады.

Бұған дейін Франция президенті әкімшілігі шілденің 15-і күні футболдан әлем чемпионатының финалында кездесетін Франция мен Хорватия командаларының ойынын көруге Мәскеуге баратын Макронның матч алдында Путинмен келіссөз өткізетіні туралы хабарды ресми түрде растаған. Макрон мұның алдында әлем чемпионатының жартылай финалдық матчы кезінде де Санкт-Петербургке келген, бірақ ол жолы Франция президенті ресейлік ресми тұлғалармен кездеспеген.


Reuters дереккөзінің сөзінше, әзірше Макрон келер жылы Францияда өтетін "Үлкен жетілік" саммитіне Путинді шақыруға дайын емес. Бұған дейін "Үлкен жетілік" келіссөздеріне Ресейді қайта қатыстыру қажеттігі туралы АҚШ президенті Дональд Трамп айтқан еді. Сол кезде Макрон егер Ресей Украинадағы жанжалды реттеуге септесетін болса, онда Ресейді саммитке шақыруға қуана келісетінін мәлімдеген.

Кремль Макрон мен Путин жексенбіде сонымен бірге АҚШ пен Ресей президенттерінің шілденің 16-сында Хельсинкиде өтетін кездесуі туралы да талқылайды деп хабарлады.

Жексенбі күні кешке Мәскеуде футболдан әлем чемпионатының финалында Франция мен Хорватия командалары кездеседі. Бұл ойынды тамашалауға бірқатар шет мемлекеттердің, солардың ішінде Судан, Гамбия, Молдова мен Беларусь президенттері, Катар әмірі мен Венгрия премьер-министрі келеді деп хабарланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG