Accessibility links

БАҚ: Ердоған Путинді Асадты тоқтатуға шақырды


Түркия президенті Режеп Ердоған (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Анкара, 3 сәуір 2018 жыл.
Түркия президенті Режеп Ердоған (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Анкара, 3 сәуір 2018 жыл.

Сирия президенті Башар Асадтың әскерінің елдің солтүстігіндегі Идлиб провинциясындағы ықтимал шабуылы бұған дейін Астанада Ресей мен Түркия арасында жасалған келісімді толық жоюы мүмкін. Бұл туралы Түркия президенті Режеп Ердоған сенбі күні Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенде мәлімдеген деп хабарлайды Ердоғанның төңірегіндегі дереккөзіне сілтеме жасаған Reuters.

Агенттіктің хабарлауынша, әңгіме барысында Ердоған Сирияның оңтүстігіндегі Дераа провинциясындағы бейбіт тұрғындардың жағдайына алаңдаушылық білдірген. Ресейдің қолдауына сүйенген Асад әскері соңғы апталарда көтерілісшілерге қарсы жүргізген операциялар нәтижесінде Дераа аймағының көп бөлігін өзіне қаратқан. Мұндай операция Сирияның солтүстігінде қайланатын болса, ол жасалған келісімді бұзады деп ескерткен Ердоған.


Идлиб – өткен жылы Сирияда құрылған төрт "деэскалация аймағының" бірі, ол әлі Асад күштерінің бақылауына өткен жоқ. Бұл провинцияның көп бөлігін әртүрлі көтерілісшілер топтары бақылауында ұстап отыр, ол топтардың кейбірін Түркия қолдайды. Идлибте түрік армиясының бақылау бекеттері орналасқан. Қазір онда ұрыс қимылдары жоқ деуге болады, бірақ, сириялық оппозиция президент Асадтың әскері елдің оңтүстігіндегі операцияларын аяқтағаннан кейін солтүстікке шабуыл бастайды деп қауіптенеді.

Кремль Путин мен Ердоғанның телефонмен сөйлескенін растады. Ресми хабарламада екі елдің "Сириядағы дағдарысты реттеу бойынша бірлескен қадамдарға" әзір екендігі айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG