Accessibility links

Путинмен кездесуден соң Трамп сынға қалды


Хельсинкидегі оңаша кездесуден соң баспасөз конференциясын өткізген АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин.
Хельсинкидегі оңаша кездесуден соң баспасөз конференциясын өткізген АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин.

Америкалық саясаткерлер Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен Дональд Трамптың америкалық барлау қызметінің шешімін қолдамай, «Путин 2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына араласқанын табанды түрде жоққа шығарды» деген мәлімдемесін жаппай сынап жатыр.

Хельсинкидегі саммиттен соң Путинмен баспасөз конференциясын өткізген Трамп арнаулы прокурор Роберт Мюллердің тергеуін Америка үшін «қасірет» деп атады.

Америкалық республикашыл сенатор, қарулы күштер комитетінің мүшесі Линдси Грэм әдетте Трампты қолдайтын. Бірақ Трамптың дүйсенбі күнгі мәлімдемелерін АҚШ-тың «әлсіздігі» деп бағалады.

Грэм Twitter парақшасына: «Президент Трамп Ресейді 2016 жылы сайлауға араласқаны үшін жауапқа тартып, алдағы сайлауға араласпау жайлы қатаң ескерту жасау мүмкіндігін жіберіп алды. Трамптың мұндай мәлімдемесін Ресей әлсіздік деп түсінеді. Мұның шешкенінен гөрі тудырған мәселесі көп» деп жазды.

Республикашыл сенатор Джон Маккейн «Хельсинкидегі баспасөз конференциясы – Америка президентінің тарихтағы ең масқара болған кезі. Трамптың аңғалдығынан, өзімшілдігінен, шындықты бұрыс қабылдауы мен авторитарлы басшыларға сыңаржақтығынан келген залалды бағалау қиын» деді.

АҚШ конгресі өкілдер палатасының спикері, республикашыл Пол Райан «Ресейдің біздің елдегі сайлауға араласқанында еш шүбә жоқ. Ол әлі осындағы (Американы айтады) және әлемдегі демократияны шайқалтуға тырысып жатыр. Құндылықтары мен идеалдары қарама-қайшы АҚШ пен Ресейдің арасында ешбір байланыс жоқ» деді.

Оқи отырыңыз: Трамп пен Путин "мәселенің барлығын бір кездесуде шеше алмаған"

Аризона штатының отставка кеткелі жатқан сенаторы, Трампты жиі сынайтын Джефф Флейк «Америка президенті күндердің бір күнінде Ресей президентімен сахнада тұрып, Кремльдің агрессиясына АҚШ-ты кінәлайды деп ойламаппын. Ұят.» деп жазады.

Барак Обама президент болып тұрған кезде ұлттық барлау қызметінің директоры болған Джеймс Клэппер CNN арнасына берген сұхбатында: «АҚШ президенті Владимир Путиннің алдында жүрексініп, түзе бүккендей болды. Таңқалаларлық. Бұған куә болу жағымсыз екен», - деді.

Дональд Трамп пен Владимир Путин.
Дональд Трамп пен Владимир Путин.

Трамптың мәлімдемесіне демократтар да сынға алып жатыр.

Вирджиния штатынан сенатор, барлау комитетінің мүшесі Марк Уорнер «Президенттің өзінің барлау қызметін емес, Путинді жақтап кетуі, Ресейдің біздің демократияға шабуылына АҚШ-ты кінәлауы масқара» деді.

2020 жылы болатын сайлауда Трамптың қарсыласы болуы ықтимал сенатор Элизабет Уоррен «Трамп біздің альянстарымызды әлсіретіп, институттарымызға сенімді жоғалтып, Американы халықаралық деңгейде ұятқа қалдырды» деп жазады.

Сынның астында қалған Трамп өзінің Twitter парақшасында: «Бұған дейін де айттым: «Мен (Американың) барлау қызметіне сенемін. Алайда екі ірі ядролық держава ретінде жарқын болашақ құрамыз десек, өткенге орала бермеуіміз де керек. Сыйласуымыз керек!» деп жазды.

Шілденің 16-ы күні Финляндия астанасы Хельсинкиде өткен саммитте Трамп пен Путин екі сағат жеке кездесті. Трамп "АҚШ пен Ресейдің жақсы қарым-қатынасы екі елге ғана емес бүкіл әлемге пайдалы" екенін жеткізген. Оның айтуынша, "төрт сағат бұрын екі ел жаңа кезеңге қадам басқан".

Путин Трамппен "Украинадағы жағдайды да талқылаған". Бірақ Ресей президенті Украинаға қатысты нақты қандай шешім қабылдағанын айтпады. Дегенмен Путин "Трамптың Қырым бойынша пікірі белгілі. Олар "Қырымның Ресейге қосылуын заңсыз" дейді. Біздің оған қатысты өз пікіріміз бар. Біз заңды референдум өткіздік және бұл мәселе осымен жабық" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG