Accessibility links

"Талибан" түрмесінен елуден астам адам босап шықты


Ауғанстан әскериі. Көрнекі сурет.
Ауғанстан әскериі. Көрнекі сурет.

Ауғанстан билігі Гельменд уәлаятындағы "Талибан" түрмесінен ондаған адамның босап шыққанын хабарлады. Олардың арасында қауіпсіздік қызметінің жұмысшылары мен бейбіт тұрғындар бар.

Нақты қанша адамның босап шыққаны бірден белгілі болған жоқ. 17 шілдеде уәлаят губернаторының өкілі Омар Звак "шілденің 16-сы кешке арнаулы жасақ Муса Кала ауданындағы түрмеге шабуыл жасап, 54 адам босап шықты" деген.

Оның сөзінше, тәліптер түрмесінен босап шыққандардың 32-сі – бейбіт тұрғын, 16-сы – полицей, қалғаны – төрт солдат пен екі әскери дәрігер.


Звак "қауіпсіздік қызметі ауданды әлі бақылап тұрғанын" айтады.

Тәліптер "өз түрмесіне жасалған шабуыл" жайлы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ Гельменд ауданының басым бөлігін бақылауында ұстайтын олар билік өкілдері мен қауіпсіздік қызметіне қарсы шабуылды күрт күшейтті.

Ауған билігінің өкілдері 16 шілдеде тәліптердің Құндыз ауданына жасаған шабуылынан кем дегенде тоғыз ауған әскері қаза тапқанын хабарлады. Аудандық кеңес мүшесі Мохммад Юсиф Аюбидің сөзінше, Имам Сахеба уәлаятының екі бақылау-өткізу пунктіне жасалған шабуылдан ондаған адам жапа шеккен.

Гельменд уәлаяты - Ауғанстандағы ең шеткі аймақтардың бірі. Бұл жердің 80 пайызын тәліптер бақылауында.

Associated Press агенттігі АҚШ-тың атын құпия сақтаған шенеунігіне сілтеме жасап, Вашингтон тәліптер мен Ауғанстан билігінің арасындағы 17 жылдық соғысты тоқтату туралы келіссөз ұйымдастыруға дайын екенін айтқан.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Ауғанстанда өткен айда атыс уақытша доғарылғанына қарамастан, алғашқы жарты жылда қаза тапқан бейбіт адамдар саны бойынша көрсеткіштің рекордтық деңгейге жеткені туралы хабарлаған. Жараланғандар саны бес пайызға азайғанымен, яғни 3430 адамға кемігенімен, қаза көрсеткіші бір пайызға өсіп, 1692 адамға жеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG