Accessibility links

БАҚ: Ресей Украинаға қарсы санкция әзірлеп жатыр


Мемлекеттік дума ғимараты. Көрнекі сурет.
Мемлекеттік дума ғимараты. Көрнекі сурет.

Ресей үкіметі Украинаға санкция қоюды қаулы еткен президент тапсырмасын орындауға кірісті. Санкцияға кәсіпкерлер мен шенеуніктер, саясаткерлер сияқты жүздеген жеке тұлға мен компаниялар ілігуі мүмкін. Бұл туралы Ресей Үкімет үйіндегі дереккөзге сілтеме жасап, "Коммерсантъ" басылымы хабарлады.

Бұл амал Ресей экономикасына санкция әсерін азайту үшін жасалып отырғаны айтылады. Басылымның жазуынша, санкцияға іліккендердің активтері бұғатталып, оларға капиталын елден шығарып әкетуге тыйым салынады.

"Коммерсантъ" сөйлескен дереккөз Ресей үкіметі мұндай қадамды Украинаға жауап ретінде қарастырып отырғанын айтады.


Украина президенті Петр Порошенко 18 мамырда Ресейге жаңа санкция қою туралы қаулыға қол қойған.

Құжат бойынша, санкцияға ілінген азаматтардың активтері бұғатталып, оларға капиталдарын елден шығаруға тыйым салынады да, өздері Украина аумағына кіргізілмейді. Порошенко "Ресейге санкцияны Украинаға қарсы агрессиясы мен аннексиялап алынған Қырымда сайлау өткізгені үшін" қойдық деген. Мәскеу бұл айыптардың бәрін негізсіз деп, қойылған шектеулерді заңсыз деп санайтынын мәлімдеді.

22 маусымда Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі Ресейдің Қырымды аннексиялап, Украина шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсеткеніне байланысты тағы 30 заңды тұлға мен 14 жеке адамға санкция салғанын хабарлаған. Санкция тізімінде соңғы қосылғандарды есептегенде барлығы 1759 жеке адам мен 786 заңды тұлға бар.

Оқи отырыңыз: Украина АҚШ-тың Ресейге қарсы жаңа санкциясына қосылды

Жаңадан санкция салынғандар арасында аннексияланған Қырым түбегінде Ресей сайлауын өткізуді ұйымдастыруға араласқан ресейлік саяси партиялар мен саяси институт - Ресей Орталық сайлау комиссиясы, "Единая Россия" партиясы, Либерал-демократиялық партия және Ресей коммунистік партиясы бар.

Ресейлік адвокат Аркадий Ротенберг пен оның отбасы мүшелеріне, Ресейдің қорғаныс саласындағы бірнеше кәсіпорнына және Луганскінің ұшақтарға техникалық қызмет көрсету зауытына да санкция салынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG