Accessibility links

Ерімбетов сотта "қысым көріп жатқанын" айтты


Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов.
Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов.

"Алаяқтық" бабымен айыпталған кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен бірнеше азаматтың ісі бойынша 19 шілдеде өткен сот отырысында Ерімбетов өзіне "психологиялық қысым жасалып жатқаны" жайлы ресми мәлімдеме жасады. Ол "маған тергеу изоляторында жанымда отырғандар арқылы қысым жасап жатыр. (Мені) дәлізбен алып өткенде бұрын бір камерада отырып, мені азаптауға араласқан кейбір адамдарды байқап қалдым" деді.

Ерімбетовтің айтуынша, бұрын бұл ("азаптауға араласты" дегендерді айтады) адамдар өзінің азаптау туралы шағымынан кейін болған тексеруден соң тергеу изоляторының басқа қабатына көшірілген. "Бірақ қазір олар менің камерамның жанында отырады. Түрмеде еркін-жүріп тұрады. Менімен өздерін агрессивті ұстап, қоқан-лоққы көрсетеді", - деді ол.

ВИДЕО: Ерімбетовтің азаптау туралы бұрын айтқаны

Ерімбетов сотта сөйледі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:33 0:00

​Ерімбетов арызын судья Шәкіровке жазбаша тапсырды. Судья арызды алып, прокурор Баймағамбетовке берді де, "қысымға жол бермеу шаралар жүргізілуін бақылауды" тапсырды.

Ары қарай сот отырысында Жамбыл облысы әкімдігінің өкілін тергеуге үшін рет ұмтылыс жасалды. Алдыңғы екі "тергеу" азаматтың жәбірленуші деп танылған тараптың атынан келуге мүмкіндік беретін құжаты болмай қалғандықтан өтпей қалған.

Бірақ тергеу басталмай тұрып адвокат Серік Айтбаев судьяға отвод берді. Оның сөзінше, жәбірленушіні тергеуге қажетті құжатын реттеуге бірнеше күн беріп, оны тергеуге бірнеше рет тырысу арқылы судья Шәкіров "тергеу мен айыптау тарабының кемшіліктерін түзеп, (тергеуге) мүдделілік танытып отыр".

Бұл – Судья Шәкіровке сот басталғалы берілген екінші отвод. Сот процесі басталған күні – 14 шілдеде және бір адвокат Игорь Лифшиц берген отводы қабылданбаған.

Екінші рет берілген отводты қарау судья Ұлан Кішібайға тапсырылған. Бірақ адвокат Айтбаев оған да отвод берді. Оның сөзінше, Кішібай Ерімбетов процесіне судья болудан өзі бас тартқандықтан, оның бұдан былай процеске араласуы заңсыз болып саналады.

Ұзақ талқы жұмыс уақытының соңына дейін аяқталмағандықтан келесі отырыс бүгінге – 20 шілдеге ауыстырылды.

Ескендір Ерімбетов пен Михаил Зоров, Дмитрий Пестов және Василина Соколенкоға "алаяқтықпен айналысты - алдын ала келісіп, біреудің мүлкін алдау я сеніміне кіру арқылы бірнеше рет жымқырды" деген айып тағылған. Айыптау актісінде аталған азаматтардың "2010-2017 жылдары мемлекеттік сатып алулар бойынша байқау өткізген мемлекеттік кәсіпорындар мен квазимемлекеттік сектордағы ұйымдардан авиция саласындағы Sky Service компаниясының қызметтеріне тым жоғары ақы алу арқылы 208 миллион теңгеден астам ақша жымқырғаны" жазылған.


Ескендір Ерімбетовке тағы бір іс – БТА банкінен заңсыз әкетілген "ақшаны жылыстату" ісі бойынша айып тағылған. Шетелде тұратын әрі Қазақстан билігін сынап жүрген БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов пен оның заңгері болып жұмыс істеген Бота Жәрдемәліге (Ерімбетовтің қарындасы) де айып тағылған. Бірақ бұл іс бойынша тергеу амалдары әлі аяқталған жоқ. Ерімбетовтің туыстары америкалық адвокат Джаред Генсермен оны қорғау туралы келісім жасасқан. Маусымның 14-інде Алматыда алғашқы сот отырысына қатысқан ол АҚШ-қа қайтқан соң "Ерімбетов ісінде қандай жайттарды заң бұзу деп санайтынын және кәсіпкерді қарындасын елге қайтарып, оппозициялық саясаткерге қарсы түсінік беруге мәжбүрлеу үшін қудалап отыр" деп санайтынын жазған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG