Accessibility links

Алматылықтар марқұм Денис Тенді аза тұтып жатыр


Денис Тен жараланған жерге гүл қойып жатқан алматылық. 20 шілде, 2018 жыл.
Денис Тен жараланған жерге гүл қойып жатқан алматылық. 20 шілде, 2018 жыл.

Алматылықтар олимпиада жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы марқұм Денис Тен пышақталған Құрманғазы-Байсейітова көшелерінің қиылысына гүл қойып жатыр. Сонда жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, гүл қоюға адамдар ағылып келіп жатыр.

Түнде басталып, бүгін жалғасқан жаппай гүл қою бейресми рәсімін бірнеше полицей бақылап тұр. Азаттық тілшісіне жауап берген алматылықтардың кейбірі "оқиға орнында камера жоғын, қайғылы оқиғаға қала полициясын жауапты санайтынын" айтқан.

Басқалары "қалада соңғы уақытта ұры-қары көбейіп кеткенін, мұны соның салдары" деп білетінін жеткізсе, кейбірі "жарақаттанған Тенді аман алып қала алмаған дәрігерлерді" айыптаған.

Денис Теннің шабуыл жасалған көлігі. 19 шілде, 2018 жыл.
Денис Теннің шабуыл жасалған көлігі. 19 шілде, 2018 жыл.

Қазақстанның ақпарат агенттіктері "денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның жарақаттанып ауруханаға жеткен Денис Теннің өмірі үшін дәрігерлер қалай күрескенін айтып бергенін" жазады.

Оның сөзінше, спортшының денсаулық жағдайы ауыр болған.

"Оң жақ сан мен бөксеге көптеген тіліну жарақаты түскен. Беті мен қолы, қос тізесінің буындары жараланған. Үлкен магистральді қан тамыры тілінген. Сондықтан қан жоғалтудың көлемі қауіпті деңгейде болды. Сандағы күретамыр тұсында магистральді қан тамыры зақымданған кезде, орнын толтыру мүмкін емес қан жоғалту жағдайы 2-3 минуттың ішінде туады" дейді вице-министр.

19 шілдеде Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен 25 жасында пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапқан.

Алматы прокуроры Берік Жүйріктаев Денис Теннің қазасына қатысы бар деп күдіктелген азамат кінәсін мойындағанын айтты. Прокурордың сөзінше, күдікті Қиясов Нұралы Дәулетбекұлы адвокат қатысқан тергеу кезінде кінәсін мойындаған.

"Денис Тенді өлтіргенін күдікті мойындады"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:08 0:00

Алматыда өткен баспасөз конференциясында прокурор "1994 жылы Жамбыл облысында туған Қиясов Нұралы Дәулетбекұлы кінәсін мойындап түсінік берді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды" деді.

Жергілікті ақпарат агенттіктері Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі сенбі - 21 шілдеде болатынын жазды. Оны Достық ауылындағы мазарға жерлейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG