Accessibility links

Құқық қорғаушы Елена Семенова үйқамақта отыр деген хабар тарады


Қазақстандық құқық қорғаушы Елена Семенова.
Қазақстандық құқық қорғаушы Елена Семенова.

Павлодар облысы бойынша Қоғамдық бақылау комиссиясының (ҚБК) жетекшісі құқық қорғаушы Елена Семенова "үйқамаққа алынған" деп жазды сенбі күні Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, экс-банкир Мұхтар Әблязов. "Семенованы елдің шетелдегі беделіне нұқсан келтірген деп айыптаған", - деп жазды ол.

Елена Семенованың телефоны өшіп тұр, онымен Skype арқылы байланысу да мүмкін болмады. Павлодардың тергеу абақтысы мен облыстық уақытша ұстау изоляторы қызметкерлері ол мекемелерде отырғандардың арасында Елена Семенова есімді адам жоқ деп жауап берді. Құқық қорғаушының адвокатымен байланысу да мүмкін болмады.

Павлодар облыстық ішкі істер департаменті Елена Семеноваға қатысты комментарий беруден бас тартты. Ішкі істер министрлігі Елена Семенованың аман-есен екенін айтқанымен, Мұхтар Әблязов таратқан ақпаратты жоққа шығару немесе растаудан бас тартты.

Front Line Defenders халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін құқық қорғаушы Елена Семенованы дереу бостауға шақырды. Ұйымның хабарлауынша, бұған дейін Еуропа парламенті депутаттарына берген куәлігі үшін Елена Семеноваға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша "Көрінеу жалға ақпарат таратқан" деген айып тағылған.

2018 жылғы шілденің 3-і мен 5-і аралығында Елена Семенова Страсбургте Еуропа парламенті мүшелерімен кездесу барысында Қазақстан түрмелері мен қамауда ұстау орталықтарына түскен адамдарға қатыгездікпен қарайтыны туралы баяндаған. Құқық қорғаушының сөзінше, тұтқындағылар ұрып-соғу, зорлау, қорлау және медициналық жәрдемнен айыру тәрізді азаптау мен қатыгездікке душар болған.


Front Line Defenders халықаралық құқық қорғау ұйымы жұма күні таратқан мәлімдемесінде Елена Семеноваға тағылған айып мен оны қамауға алуға байланысты алаңдаушылық білдірген. Ұйым мұндай іс-әрекеттерді Еуропа парламенті депутаттарымен әңгімелескен кезде бейбіт және заңды құқығын жүзеге асырғаны үшін құқық қорғаушыны қуғынға салу деп санайды.

"Ашық диалог" құқық қорғау ұйымы Елена Семеноваға қарсы қылмыстық іс қозғаудың саяси астары бар және бұл оның құқық қорғаушылық қызметімен байланысты деп мәлімдейді. Құқық қорғау ұйымы сонымен бірге Елена Семенованы дереу босатуға және оны қылмыстық іс ашып қудалауды тоқтатуға шақырған.

Бірқатар құқық қорғаушылардың мәліметінше, шілденің 20-сы күні Елена Семенова тұратын үйге полиция өкілдері барып, оны өздерімен бірге жүруге мәжбүрлеп алып кеткен. Азаттық тілшісі сөйлескен Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің қызметкері құқық қорғаушы Елена Семенованың "өзі келгенін" айтқан болатын. Әлеуметтік желідегі Семенованың жақтастары құқық қорғаушыдан алғашқы жауап алу кезінде адвокатының қатысуынсыз оның телефонын алып қойған деп хабарлады.

Елена Семенова тұтқындар құқығын белсенді қорғайтын қызметімен танымал. 2015 жылы күзде Қазақстан билігі өзін үнемі сынап жүрген құқық қорғаушының үстінен "әлеуметтік желіде көрінеу жалған ақпарат таратқан" деген күдікпен қылмыстық іс қозғаған, бірақ бір жылдан соң ол істі жапқан.

Оқи отырыңыз: "Қолайсыз құқық қорғаушы" Елена Семенованың ісі

Сот Семеноваға тұтқындардың жағдайын білу үшін түрмеге кіруіне тыйым салған. Арада біраз уақыт өткенде Павлодар облысында тағы бір Қоғамдық бақылау комиссиясы (ҚБК) құрылған.

Кейін "бәсекелес" екі ҚБК арасында келесідей "қызмет бөлінісі" болған: Семенова басқаратын ҚБК тек тергеуде жатқан және ұсталған азаматтарға жолығу, ал екінші ҚБК – сотталғандармен кездесу құқығына ие болған. Сол себепті осы аптаның басында Семеноваға 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасы бойынша сотталған Құрманғазы Өтегеновке жолығу үшін ҚБК жетекшісі ретінде емес, сотталған адаммен қысқа мерзімді кездесуге жеке азамат ретінде рұқсат алуға тура келген.

2016 жылғы қазанда Елена Семенова Атырауға барып, жер шерулерінен кейін тұтқындалған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға қолдау білдіріп акция өткізгені үшін әкімшілік жауапқа тартылып, сот оған айыппұл салған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG