Accessibility links

БАҚ: Эквадор Ассанжды британ билігіне беруі мүмкін


Wikileaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанж Эквадор елшілігінің балконында тұр. Лондон, 19 мамыр 2017 жыл.

Эквадор WikiLeaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанжды Ұлыбритания билігіне тапсыруға дайындалып жатыр деп хабарлады The Intercept басылымы. Ассанж 2012 жылдан бері Эквадордың Лондонағы елшілігін паналап отыр. Ұлыбритания оған сотқа бағынудан бас тартқаны үшін айып тағып отыр.

Ассанжды британ билігіне тапсыруға дайындалып жатқаны туралы ақпаратты Intercept басылымы Эквадор президенті мен сыртқы істер министрлігіне жақын анонимді дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады. Жұма күні Лондонға мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дүниежүзілік форуымының жұмысына қатысу үшін Эквадор президенті Ленин Морено келген. Басылым бұл сапардың жасырын мақсаты – Джулиан Ассанжды британ билігіне тапсыру туралы екі елдің арасында түпкілікті келісімді бекіту деп жазады.

WikiLeaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанжды беруі ықтимал деген ақпаратты аты-жөні аталмаған дереккөздерге сілтеме жасап жұма күні RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симоньян да хабарлаған. Ассанж осыған дейін RT эфирінен талай рет сөйлеген, тіпті ток-шоу да жүргізген.

Эквадор билігі бұл хабарларға байланысты әзірге ешқандай комментарий берген жоқ.

Джулиан Ассанжды жақтайтындар Эквадор елшілігі британ билігіне тапсырғаннан кейін оны АҚШ-тың сұрауы бойынша тұтқындауы мүмкін деп санайды. Үш ай бұрын Эквадор елшілігі қызметкерлері Ассанжды интернеттен ажыратып тастаған.


WikiLeaks сайты 2010 жылы АҚШ әскерилерінің Ирактағы бейбіт тұрғындарға соққы берген сәті бейнеленген видеоны жариялағаннан кейін көпке танылған. Сайт АҚШ үкіметінің, дипломаттарының және әскерилерінің көшілікке арналмаған құжаттарын үнемі жариялап отырды. 2013 жылы WikiLeaks сайтына құпия ақпаратты бергені үшін АҚШ әскери қызметкері Челси Мэннинг 35 жылға бас бостандығынан айрылған. Бірақ Джулиан Ассанжға қарсы іс қозғалған жоқ. 2017 жылы АҚШ президенті Барак Обама Челси Мэннингке рақымшылық жариялап, түрмеден босатқан.

2016 жылы, АҚШ президенті сайлауы алдында WikiLeaks сайты АҚШ Демократиялы партиясы штабынан ұрланған электронды хаттарды жариялаған. Биыл АҚШ билігі Демократиялық партия серверлеріне хакерлік шабуыл жасағаны үшін ресейлік әскери барлау қызметінің 12 өкіліне айыптар таққан.

2012 жылы Швеция билігі Джулиан Ассанждың үстінен зорлау айыбымен қылмыстық іс қозғаған. Ұлыбритания Жоғарғы соты Ассанжды Швецияға тапсыру туралы шешім шығарғаннан кейін ол Эквадордан саяси баспана алып, сол елдің Лондондағы елшілігіне тығылған.

Кейін Швеция Ассанжға қарсы қылмыстық істі жапқан, бірақ британ соты сотқа келмегені үшін оған үш айға түрме жазасын кесіп, айыппұл салуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Негативті емес, позитивті түсіріңдер"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:41 0:00
XS
SM
MD
LG