Accessibility links

Жээнбеков: Уланбек Егізбаевтың аты журналистика тарихында қалады


Еске алу шарасына қойылған журналист Уланбек Егізбаевтың портреті. Бішкек, 23 шілде 2018 жыл.

Қырғызстанда Азаттықтың Қырғыз редакциясының журналисі Уланбек Егізбаевтың қазасына байланысты саяси және қоғам қайраткерлері көңіл айтып, еске алу лебіздерін білдіріп жатыр. 23 шілде күні Бішкектегі Азаттықтың Қырғыз редакциясы кеңсесінің алдында журналисті еске алу шарасы өтті.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков журналистің қазасына байланысты туыстарына жолдаған көңіл айту хатында Егізбаевтің өз материалдарының әлеуметтік, моральдық және саясаи салдары үшін жауапкершілікті мойнына алуға дайын кәсіби журналист болғанын айтты.

"Уланбек Егізбаев егер оқыстан қаза таппағанда, онда өзіне тән шеберлікпен тағы да көп жемқорлар мен олардың жымысқы іс-әрекеттерін әшкерелеген болар еді! Амал не, қоғамымыз, қырғыз журналистикасы қоғамдағы теріс құбылыстарға қарсы батыл күрескен талантты журналисінен айырылды" делінген үндеуде.

Сооронбай Жээнбеков Уланбек Егізбаевтың аты қырғыз журналистикасының тарихында қалатынын, ал оның белсенді азаматтық ұстанымы мен жоғары кәсіби қызметі жастарға үлгі болып қалатынын айтты.

Азаттық тілшісі, 28 жастағы белгілі журналист Уланбек Егізбаев 22 шілде күні түстен кейін Ыстықкөл жағажайында "Акун" пансионатында отбасымен демалып жатқанда суға батып, ес-түссіз халде ауруханаға жеткізілген соң қайтыс болған.

Уланбек Егізбаев 2016 жылы "Арман" ("Мечта") ролигі үшін Webby Awards сыйлығын иеленген.

Журналистік жұмыстары үшін Уланбек Егізбаев Қырғызстанның Құрмет грамотасымен, ТМД парламентаралық ассамблеясының наградасымен марапатталған. Осыдан тура бір ай бұрын Уланбек Егізбаев "Алтын қалам" сыйлығымен марапатталған еді.

Уланбек Егізбаев Қырғызстандағы мемлекеттік шенеуніктер арасындағы жемқорлық оқиғаларын зерттеумен де айналысты, оның материалдары Азаттықтың "Ыңғайсыз сұрақтар" бағдарламасында талқыланды. Журналист әзірлеген арнайы репортаждар Қырғызстан қоғамында талқылауларға ұласқан.

Азаттық ұжымы журналистің қазасына байланысты жақындары мен туыстарына қайғыра көңіл айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG