Accessibility links

Құқық қорғаушы Семенова: Үйімді қарағандылық тергеуші тінтті


Қазақстандық құқық қорғаушы Елена Семенова.

Павлодар қаласында тұратын құқық қорғаушы, тұтқындардың құқығын қорғаумен айналысатын Елена Семенова Азаттыққа 20 шілде, өткен жұма күні кешке үйін полиция тінтігенін хабарлады. Оның сөзінше, үйінен құжаттарды, оның ішінде тұтқындардың өздерін азаптағаны, ұрып-соққаны және басқа да адамшылыққа жат әрекеттер жасалғаны туралы арыздарды алып кеткен.

Қоғамдық бақылау комиссиясының (ҚБК) Павлодар облыстық филиалының жетекшісі Елена Семенова тінтуді Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті ерекше істер бойынша тергеу департаментінің аға тергеушісі Біліспаев жүргізгенін айтады. Семенова полиция сонымен қатар үйінен компьютері мен мектепте оқитын қызының планшетін де алып кеткенін айтады.

Құқық қорғаушының айтуынша, тінту жүргізуге Қарағанды қалалық соты санкция берген. Ал қылмыстық істі Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті қозғаған. Оның сөзінше, өзіне қарсы арызды Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы берген. Департамент басшысы Семенованың Еуропа парламенті депутаттары алдында жасаған Қарағанды облысындағы түрмелердің бірінде тұтқындардың денелеріне жарақат салу оқиғалары туралы баяндамасын жала жабу деп таныған. Осы себепті өзіне қатысты тергеу шаралары Қарағандыда өтуі мүмкін.

Елена Семенова "БАҚ-ты пайдаланып, көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген. Бұл айып бойынша бес жылға дейін соттау жазасы қарастырылған.

Семенова 20 шілде күні күні бойы тергеуде болғанын, тергеу кезінде тергеуші Біліспаев өзінен ұялы телефонын тартып алып, тергеу құпиясын жарияламау және ешқайда кетпеу туралы қолхат жаздырып алғанын айтады. Оның сөзінше, тергеуші телефонын қайтарып беруге куәде еткенімен, әлі қайтармаған.

2018 жылғы шілденің 3-і мен 5-і аралығында Елена Семенова Страсбургте Еуропа парламенті мүшелерімен кездесу барысында Қазақстан түрмелері мен қамауда ұстау орталықтарына түскен адамдарға қатыгездікпен қарайтыны туралы баяндаған. Құқық қорғаушының сөзінше, тұтқындағылар ұрып-соғу, зорлау, қорлау және медициналық жәрдемнен айыру тәрізді азаптау мен қатыгездікке душар болған.

Front Line Defenders халықаралық құқық қорғау ұйымы жұма күні таратқан мәлімдемесінде Елена Семеноваға тағылған айып мен оны қамауға алуға байланысты алаңдаушылық білдірген. Ұйым мұндай іс-әрекеттерді Еуропа парламенті депутаттарымен әңгімелескен кезде бейбіт және заңды құқығын жүзеге асырғаны үшін құқық қорғаушыны қуғынға салу деп санайды.

"Ашық диалог" құқық қорғау ұйымы Елена Семеноваға қарсы қылмыстық іс қозғаудың саяси астары бар және бұл оның құқық қорғаушылық қызметімен байланысты деп мәлімдейді. Құқық қорғау ұйымы сонымен бірге Елена Семенованы дереу босатуға және оны қылмыстық іс ашып қудалауды тоқтатуға шақырған.

Елена Семенова тұтқындар құқығын белсенді қорғайтын қызметімен танымал. 2015 жылы күзде Қазақстан билігі өзін үнемі сынап жүрген құқық қорғаушының үстінен "әлеуметтік желіде көрінеу жалған ақпарат таратқан" деген күдікпен қылмыстық іс қозғаған, бірақ бір жылдан соң ол істі жапқан.

Оқи отырыңыз: "Қолайсыз құқық қорғаушы" Елена Семенованың ісі

Сот Семеноваға тұтқындардың жағдайын білу үшін түрмеге кіруіне тыйым салған. Арада біраз уақыт өткенде Павлодар облысында тағы бір Қоғамдық бақылау комиссиясы (ҚБК) құрылған.

Кейін "бәсекелес" екі ҚБК арасында келесідей "қызмет бөлінісі" болған: Семенова басқаратын ҚБК тек тергеуде жатқан және ұсталған азаматтарға жолығу, ал екінші ҚБК – сотталғандармен кездесу құқығына ие болған. Сол себепті осы аптаның басында Семеноваға 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасы бойынша сотталған Құрманғазы Өтегеновке жолығу үшін ҚБК жетекшісі ретінде емес, сотталған адаммен қысқа мерзімді кездесуге жеке азамат ретінде рұқсат алуға тура келген.

2016 жылғы қазанда Елена Семенова Атырауға барып, жер шерулерінен кейін тұтқындалған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға қолдау білдіріп акция өткізгені үшін әкімшілік жауапқа тартылып, сот оған айыппұл салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG