Accessibility links

Трамп Роуханиді АҚШ-қа "қоқан-лоқы жасаудан" сақтандырды


Дональд Трамп, АҚШ президенті
Дональд Трамп, АҚШ президенті

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран президенті Хассан Роуханиге Вашингтонға қоқан-лоқы көрсеткені үшін ескерту жасады. "Иран президенті Роуханиге айтамын. Бұдан былай АҚШ-қа доқ көрсетуші болмаңыз, әйтпесе бұрын-соңды ешкім көрмеген қиындыққа тап боласыз. Біз енді сіздің зорлық-зомбылық пен өлім туралы сандырағыңызға төзіп отыра беретін ел емеспіз. Сақ болыңыз!" деп жазды Трамп Twitter-де.

Бір күн бұрын Хассан Роухани АҚШ-қа Иранмен жанжалдасып қалудан зардап шегуі мүмкін екенін ескерткен еді.

"Америка Иранмен бейбіт болу - бүкіл бейбітшілікке жол ашатынын, Иранмен соғысу - жаппай соғысқа себеп болатынын түсінуі керек. Трамп мырза, арыстанның құйрығымен ойнамаңыз. Бұл ісіңізге өкініп қаласыз" деген Роухани ирандық дипломаттармен кездесуінде.

Трамптың жазбасынан бірнеше сағат бұрын АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Иранның рухани көсемі аятолла Хаменеи мен ирандық дінбасыларды "екіжүзді тақуа" деп, ал Иран билігін "мафия" деп атаған.

Тегеран мен Вашингтонның қарым-қатынасы 2017 жылы Дональд Трамп президент қызметіне кіріскен соң нашарлаған. 2018 жылы көктемде АҚШ Тегеранның алты мемлекетпен жасасқан Иранның ядролық бағдарламасын тоқтату туралы келісімнен шығып, осы келісім аясында жойылған кейбір санкцияларды қайта енгізген.

Иран президенті Хасан Роухани Вашингтонның бұл қадамынан соң Тегеран келісімнен шықпайтынын мәлімдеген еді. Бірақ келісімге қол қойған Еуропа елдерімен келіссөзден соң "ядролық бағдарламасын қайта қолға алуы" мүмкін екенін жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG