Accessibility links

БАҚ: Израиль Ресейдің Иранға қатысты ұсынысын қабылдамады


Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 11 шілде 2018 жыл.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 11 шілде 2018 жыл.

Ресей Вашингтон және Тель-Авивпен жасасқан Израиль қауіпсіздігіне кепілдік беру жөніндегі келісімге сай, Сириядағы ираншыл күштерді Израильмен шекарадан 100 километр қашық орналастыруды ұсынды.

Израильдік және батыстық БАҚ-тың Израиль шенеуніктеріне сілтеме жасап хабарлауынша, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров бастаған делегация аталған ұсынысты 23 шілде күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесуінде айтқан.

Нетаньяху бұл жолы да Иран әскері мен олардың одақтастары Сирия жерінен ұзақ уақытқа әкетілсін деген талап қойған. Ол сонымен қатар Иран бұл елден барлық алыс қашыққа ұшатын зымырандары мен әуе-қорғанысы кешендерін шығаруды талап еткен.

Бірақ Израиль БАҚ-ы Нетаньяхудың Ресей ұсынысын қабылдағаны, я бас тартқаны туралы хабарламады.

Reuters агенттігінің Израиль шенеунігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Лавров Ресей өз ұсынысына адал болатынын айтқанымен, Нетаньяху оған "Біз ирандықтардың шекарамыздан тіпті 100 километр қашықта шоғырлануына жол бермейміз. Себебі Иранның Сирияда тұрып атса Израильге жететін зымырандары бар" деген.

Reuters Израиль бұған дейін Ресейдің Иран күштерін Израильмен шекарадан 80 километр қашықта орналастыру туралы ұсынысын да қабыл алмағанын хабарлады.

Ресей билігі өкілдері Нетаньяхудің Лавровпен және Ресей қарулы күштерінің қолбасшысы, генерал Валерий Герасимовпен кездесуіне қатысты әзірге комментарий бермеді.

Кездесу қарсаңында Нетаньяху Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трампқа Хельсинкидегі саммитте Изравильдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірге жұмыс істеу жөнінде келісімге келгеніне алғыс білдірген.

Израиль мен АҚШ Ресейді Иранның Сириядағы ықпалын азайтуға шақырып келеді. Бірақ Мәскеу Сирия мен Иран арасындағы қарым-қатынасқа араласа алмайтынын айтып, Иранды Сирия аумағынан толықтай шығады деу қисынсыз болатынын мәлімдеді.

Ресей Сириядағы қақтығысқа 2015 жылы президент Башар Асадты қолдап киліккен. Бірақ Иран Сирия басшысына соғыс басталған 2011 жылдан бері қолдау көрсетіп келеді.

Иран басшылары бұған дейін ираншыл күштер Сириядан Башар Асадтың тілегі бойынша ғана кететінін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG