Accessibility links

Астанада "заңсыз саяжайды" бұзайын деп жатыр


Саяжай тұрғындары үйдің сүрілуіне қарсылық танытып тұр. Астана, 25 шілде 2018 жыл
Саяжай тұрғындары үйдің сүрілуіне қарсылық танытып тұр. Астана, 25 шілде 2018 жыл

Астананың "Көктал" шағын ауданындағы "Полянка" өндірістік кооперативіне қарасты саяжайларды бұзу бүгін жалғасады деп хабарлайды Азаттық тілшісі оқиға орнынан. Мұнда бүгін Фруктовая көшесіндегі 100-ші үй сүріледі деп хабарланған. Қазір ол жерге тұрғындар жиналып, сүруге наразылықтарын білдіріп жатыр.

Жағдайды полиция сырттан бақылап тұр. Үйді бұзатын трактор да, өрт сөндіретін көлік те келген.

Оқиға орнынан тікелей эфир таратқан Азаттық тілшісіне тұрғындардың бірі соттың “жерді заңсыз басып алды” деп айыппұл салғанын, бірақ оны төлеуге жағдайы жетпейтінін айтты. Есімін Қарлығаш Әлібаева деп таныстырған азамат жергілікті биліктің әу бастан неге ескертпегенін айтып шағымданды.

Саяжайдың тағы бір тұрғыны тірнектеп жиған-тергенінің барлығын осы жер телімін сатып алуға жұмсағанын, енді оны жергілікті биліктің тартып алуға тырысып отырғанын айтты. Тұрғындар баратын жері жоғын айтып, басқа жақтан жер телімін беруді талап етті.

Шілденің 24-і күні осы ауданның тұрғындары үйлерінен күштеп көшіруге қарсы шығып, жергілікті әкімдікке барған еді.

Азаматтардың айтуынша, он жыл бұрын "Щебсклад" саяжайында "саяжай кітапшасы" деп аталатын құжатпен жер сатып алып, үй салған. Су тартып, жолын жөндеген. Бірақ кейінірек әкімдік оларды "өз бетінше жерді басып алды" деп сотқа берген.

Әкімдіктің дерегінше, мұнда саяжайда "заңсыз салынды" деп танылған 160 үй бар, олардың 45-іне қатысты жерді босату жөнінде сот шешімі шыққан. Тұрғындар сот орындаушылары саяжайдағы үйлердің алдын 20 шілдеден сүре бастағанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG