Accessibility links

Алматыда наразылық танытқан үлескерлер ұсталды


Алматыдағы Ұлттық банк ғимараты
Алматыдағы Ұлттық банк ғимараты

Бүгін Алматыдағы Ұлттық банк ғимаратының алдында бір топ үлескер наразылық шарасын жасап, тұрғын үй құрылысы бойынша мемлекеттік бағдарламаларының ойдағыдай жүзеге аспай жатқанын айтты.

Олар Ұлттық банк өкілі Александр Терентьевтің бұған дейін берген уәделерін орындамай отырғанын айтып, отставкаға кетуін талап етті.

- 16 миллион 200 мың теңге көлемінде банктен қарыз алғанмын. Жартысын төледім. Өсім, айыппұл көлемдерінің бәрін қосқан кезде 26 миллион теңге болып шықты. Олар пәтерімді тартып алды. Бұған қоса, мойныма тағы да 11 миллион теңге қарыз іліп берді. Қазір оның көлемі өсіп жатқан жоқ. Бірақ сонда да мұны қалай түсінуге болады? 2013 жылдан бері пәтер сағалап келем. Бұл масқара ғой? - деді Динара Быкова есімді үлескер.

Тағы бір азамат қарызының басым бөлігінің жапқанына қарамастан банктің пәтерін тартып алғанын, бұған қоса көп қарыз іліп бергенін айтты. Сотта мәселесі қаралған кезде мұның ешқайсысы ескерілмеген.

Үлескерлердің алдында шыққан Ұлттық банктің тұтынушылар құқығын қорғау және қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы Александр Терентьевтің үлескерлердің әрқайсысының мәселесі сотта қаралғанын, бәріне мүмкіндігінше көмек берілгенін айтты.

- Ұлттық банк азаматтарды қорғау үшін қолынан келгеннін бәрін жасауда. Мүмкін, біз барлық азаматқа бірдей көмектесе алмағанымыз үшін кешірім сұрауға дайын шығармыз. Барлық адамның қолында сот шешімі бар. Ол шешімдер орындала бастады және сот шешімі тұрған кезде банктің құзыреті шектеулі, - деп жауап берді.

Ұлттық банк өкілінің жауабына үлескерлер қанағаттанған жоқ. Жағдайды әуелі сырттан бақылаған полиция кейінірек үлескерлердің жартысын ұстап әкетті. Олардың Бостандық аудандық полиция бөлімшесіне әкеткені айтылады. Оларды босатқаны-босатпағаны әзірге белгісіз.

2015 жылы ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында мемлекеттік бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінген. Ұлттық банк бөлінген қаржы проблемалы үлескерлердің қарыздарын жоюға емес, ипотекалық несие шарттарын жеңілдетуге бағытталғанын хабарлаған еді. Алайда содан бері талай мәрте осы секілді наразылық шаралары өтіп, үлескерлер аталған бағдарламаның дұрыс жүзеге аспағанын айтып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG