25 шілдеде Пәкістанның Кветта қаласындағы сайлау учаскесі маңында болған жарылыстан 31 адам қаза тауып, 35 адам жарақат алған. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Өздерін “Ислам мемлекеті” ұйымы ретінде атайтын экстремистік ұйымы шабуылды мойнына алған. Сайлау кампаниясы қызып тұрған Пәкістанда осы айдың ортасында бір адам өз-өзін жарып жіберіп, соның салдарынан 149 адам қаза тапқан еді. Бұл шабуылды да аталған экстремистік ұйымы мойнына алған.
25 шілдеде Пәкістанда парламент сайлауы басталды. Сарапшылардың пікірінше, елдегі ешбір саяси күш үкімет жасақтау үшін парламентте көпшілік орындарға ие бола алмайды.
Сайлау учаскелеріндегі қауіпсіздік шараларын бақылау үшін 371 мың солдат жұмылдырылған. Бұл 2013 жылғы көрсеткіштен бес есе көп.
ПІКІРЛЕР