Accessibility links

"Ерімбетов ісінде" жәбірленуші жауап берді


Айыпталушы кәсіпкер Ескендір Ерімбетов Медеу аудандық сотында (сол жағында). Алматы, 18 шілде 2018 жыл.
Айыпталушы кәсіпкер Ескендір Ерімбетов Медеу аудандық сотында (сол жағында). Алматы, 18 шілде 2018 жыл.

"Алаяқтық жасады" деп айыпталған кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен бірнеше азаматтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша 26 шілдеде өткен сот отырысында азаматтық авиация академиясының өкілінен (әрі қарай - жәбірленуші) жауап алынды. Ол тергеу және айыптау қорытындысы бойынша жәбірленуші ретінде танылған заңды тұлғалардың бірі.

Жәбірленуші сотта айыптау қорытындысына қатысты сұрақтарға прокуратура мен тергеу органдары жауап беруі керек деп айтқан. Бұл сөзін ол сұрақ-жауап басталғаннан кейін 45 минут өткен соң айтты. Ерімбетов адвокаттарының пікірінше, ол негізгі сұрақтарға қинала жауап берген немесе негізгі мәселеден ауытқып кете берген, тіпті кейбір сәтте өз-өзіне қарсы шыққан.

Ескендір Ерімбетов пен оның адвокаты және қорғаушылар академия өкілінің жауап беру кезінде “тиянақсыздық” танытып, “жасанды” болғанын айтып, судьядан жалған куәлік көрсеткені үшін жауапкершілік бары туралы ескертуін сұраған.

Ақырында Ерімбетов жәбірленушіге өз сөзіне өзі қарсы шығып отырғанын бірнеше мәрте айтқаннан кейін жәбірленуші "айыптау қорытындысына қатысты сұрақтарға прокуратура мен тергеушілер жауап беруі тиіс" деп жауап берген. Сот отырысына қатысып отырған прокурор Тимур Шамои нақты жағдайда ешқандай пікір айтқан жоқ.

26 шілдеде сотта айыптау тарабының куәгерлері де сұрала бастады. Бірінші болып Sky Service компаниясының бас есепшісі шақырылды. Айыпталушы Ескендір Ерімбетов одан өзінің “заңға қайшы әрекеттері” туралы сұраған кезде бәрін терістеген. Айыпталушы Василина Соколенконың адвокаты қойған сұрақтарға да осыған ұқсас жауап берген.

Өзге айыпталушының адвокаты (әйел) куәгерге айыпталушының кінәсін меңзейтін сұрақтар қойып еді. Ерімбетовтың адвокаттары мен қорғаушылары сұрақтың “іске ешқандай қатысы жоқ” екенін айтты. Ерімбетовтің өзі – сұрақ қоюшы адвокат оны емес, өзге айыпталушыны қорғап отырса да – “адвокаттық этиканы бұзып отыр” деп судьядан оған ескерту жасауын сұрады.

Бұл іс бойынша келесі сот отырысы тамыздың 1-іне белгіленді.


Ескендір Ерімбетов пен Михаил Зоров, Дмитрий Пестов және Василина Соколенкоға "алаяқтықпен айналысты - алдын ала келісіп, біреудің мүлкін алдау я сеніміне кіру арқылы бірнеше рет жымқырды" деген айып тағылған. Айыптау актісінде аталған азаматтардың "2010-2017 жылдары мемлекеттік сатып алулар бойынша байқау өткізген мемлекеттік кәсіпорындар мен квазимемлекеттік сектордағы ұйымдардан авиция саласындағы Sky Service компаниясының қызметтеріне тым жоғары ақы алу арқылы 208 миллион теңгеден астам ақша жымқырғаны" жазылған.

ВИДЕО: Ерімбетов сотта азаптау туралы айтты

​Ескендір Ерімбетовке тағы бір іс – БТА банкінен заңсыз әкетілген "ақшаны жылыстату" ісі бойынша айып тағылған. Шетелде тұратын әрі Қазақстан билігін сынап жүрген БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов пен оның заңгері болып жұмыс істеген Бота Жәрдемәліге (Ерімбетовтің қарындасы) де айып тағылған. Бірақ бұл іс бойынша тергеу амалдары әлі аяқталған жоқ. Ерімбетовтің туыстары америкалық адвокат Джаред Генсермен оны қорғау туралы келісім жасасқан. Маусымның 14-інде Алматыда алғашқы сот отырысына қатысқан ол АҚШ-қа қайтқан соң "Ерімбетов ісінде қандай жайттарды заң бұзу деп санайтынын және кәсіпкерді қарындасын елге қайтарып, оппозициялық саясаткерге қарсы түсінік беруге мәжбүрлеу үшін қудалап отыр" деп санайтынын жазған.

Бұған дейін судья Тәкен Шәкіров сот процесіне қатысушыларды олардың аттарын атамауды, “процесті саясиландырмауын” өтінген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG