Accessibility links

Арменияда экс-президент Роберт Кочарянды тұтқындады


Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарян.
Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарян.

Армения соты елдің бұрынғы президенті Роберт Кочарянды екі айға тұтқындау туралы шешім шығарды. Оған конституциялық құрылысты күйрету айыбы тағылған. Армения заңында қылмыстың бұл түрі бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Арменияның екінші президенті Роберт Кочарянды 26 шілдеде ұстаған. Ол өзіне қазіргі билік "қолдан құрастырылған іс бойынша саяси астары бар айып" тағып отыр деп мәлімдеген.


Роберт Кочарян 1998-2008 жылдар аралығында Армения президенті болған. 2008 жылы Армения президенті сайлауында Серж Саргсянның жеңіске жеткені туралы ресми қорытындымен келіспей көшеге шыққан наразы жұртқа қарсы билік күш қолданып, қақтығыстарда он адам қаза тауып, екі жүзге жуық адам жарақат алған. Сол кезде президент қызметінде отырған Кочарян төтенше жағдай жариялап, наразылық басылған.

2008 жылғы наразылық шерулерін ұйымдастырушылардың бірі болған Никол Пашинян қазір Армения премьер-министрі қызметінде отыр. 2010 жылы тәртіпсіздіктер ұйымдастырған деген айыппен сот оны жеті жылға бас бостандығынан айырған. Түрмеге қамалған Пашинян 2011 жылы амнистия бойынша бостандыққа шыққан.

Биыл сәуірде Арменияда осыған дейін ел президенті қызметін қатарынан екі мерзім атқарған Серж Саргсянның енді құзыреті кеңейтілген үкімет жетекшісі ретінде билікке қайта келмек болған әрекеті наразылыққа кезіккен. Үш апта бойы жалғасқан жаппай қарсылық шерулерінен кейін 23 сәуірде Саргсян премьер-министр қызметінен отставкаға кеткен. Бұдан соң Армения парламенті он күн ішінде екі рет дауыс беріп, үкіметке қарсылық қозғалысын басқарған оппозиция лидері Никол Пашинянды 8 мамырда елдің жаңа премьер-министрі етіп бекіткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG