Accessibility links

Беларусь сайттарына Данияр Үсеновке ұқсас кісінің суреті шықты


Беларустің naviny.by сайтында 2018 жылы шілденің 27-інде жарияланған бизнесмен Даниил Урицкийдің суреті.
Беларустің naviny.by сайтында 2018 жылы шілденің 27-інде жарияланған бизнесмен Даниил Урицкийдің суреті.

Шілденің 27-і күні Беларусь еліндегі Tut.by және naviny.by жаңалық сайттары "Беларусь ұлттық биотехнология корпорациясы" (БНБК) жабық акционерлік қоғамының зауыттар кешені құрылысын бастау шарасынан түсірілген суреттерді жариялады. Бұл шарада бизнесмен Даниил Урицкий деп таныстырылған адамның суретін көргендер оны Қырғызстанның экс-премьері, 2010 жылғы сәуір революциясы кезінде шетелге қашып кеткен Данияр Үсеновке ұқсатып жатыр деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Оқи отырыңыз: Қашқын премьерге ұқсайтын Даниил Урицкий кім?

Tut.by сайты журналистерге комментарий беруден бас тартқан бизнесмен Даниил Урицкийдің биографиясы белгісіз екенін, бірақ Қырғызстанда оны бұрынғы премьер-министрі Данияр Үсенов деп санайтындығын жазған. Беларустік тағы бір басылым – naviny.by сайты мақаласын "Беларусь бизнесмені ме, әлде Қырғызстанның қашқын премьері ме? Даниил Урицкий деген кім" деген тақырыппен жариялаған. Басылым тілшісінің "Сіз шынымен де Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрісіз бе?" деген сұрағына Даниил Урицкий: "Оны қырғыздардан сұраңдар" деп қана жауап берген.

Қырғызстанның бұрынғы үкімет басшысы Данияр Үсеновтің Беларусь елінде Даниил Урицкий деген атпен тұрып жатқаны туралы ақпаратты алғаш рет Беларусь басылымдары 2017 жылғы желтоқсанда таратқан болатын. Содан кейін Қырғызстандағы "Айкөл Ала-Тоо" қоғамдық бірлестігінің өкілдері өткен жылы желтоқсанның 14-і күні Беларусь мемлекетінің Бішкектегі елшілігі алдына шеруге шығып, Минскіден Данияр Үсенов – Даниил Урицкийді Қырғызстанға экстрадициялауды талап еткен.


Бұған дейін Қырғызстан Мемлекеттік тіркеу қызметінің баспасөз хатшысы Мелис Ержігітов Қырғызстан азаматтығынан бас тартқандардың арасында Данияр Үсенов есімді адам жоқ деп хабарлаған.

Қырғызстан соты 2010 жылғы сәуірдегі қантөгіс оқиғаларына байланысты айып тағылған Данияр Үсеновке сырттай өмірлік түрме жазасын кескен. Сол кезден бері қашқын экс-премьердің суреті көпшілікке жарияланған емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG