Accessibility links

Вице-министр міндетті зейнетақы жарнасын төлеу тәртібін түсіндірді


Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.
Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова елдегі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударымдардың барлығы азаматтың табысынан түскен кірістен ғана төленетінін түсіндірді деп хабарлайды Tengrinews сайты.

Шенеуніктің сөзінше, мекеме, кәсіпорын жұмысшысы еңбекақысынан, жеке кәсіпкер - кәсіпкерлік қызметінен келген, сол тәрізді жеке нотариус - көрсеткен қызметінен түскен кірістен төлейді. "Ал жеке немесе заңды тұлғаларға азаматтық-құқықтық шарт негізінде қызметтің немесе жұмыстың белгілі бір түрін көрсететін азаматтар үшін - міндетті зейнетақы жарна сол жұмыс немесе қызметінің нәтижесінде тапқан табысынан төленеді (жеке мүлкін сатудан түскен ақшадан емес)", - деген Жақыпова.

Қазақстан заңы бойынша, БЖЗҚ есебіне аударуға мiндеттi зейнетақы жарна көлемі ай сайынғы табыстың 10 пайызы мөлшерiнде белгiленген.


Шілденің 14-інен бастап заңға енгізілген өзгерістерге сай, азаматтық-құқықтық шарт бойынша табыс тауып отырған жеке тұлғалар да адвокат, жеке сот орындаушысы, жеке нотариус, кәсіби медиатор, жеке кәсіпкер тәрізді өз табысынан БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарна аударуы тиіс.

"Азаматтық-құқықтық шартпен табыс тауып отырған жеке тұлғалардың кірісі бұрынғыдай, жұмыс немесе қызмет көрсету арқылы түскен табыс болып есептеледі", - деп мәлімдеген вице-министр.

Бұған дейін зейнетақы туралы заңға жақында жаңадан енгізілген өзгерістер бойынша тұрғындарды иелігіндегі көлік немесе үй, пәтер тәрізді жеке мүлкін сатудан түскен кірісінің 10 пайызын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударуға міндеттегені туралы ақпарат тарап, әлеуметтік желілерде қызу талқыланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG