Accessibility links

Тәжікстанда шетелдік туристерді көлік қағып, бірнеше адам қаза тапты


Тәжікстанда серуендеп жүргенде көлік қағып кеткен шетелдік туристердің велосипедтері.
Тәжікстанда серуендеп жүргенде көлік қағып кеткен шетелдік туристердің велосипедтері.

Тәжікстанда велосипедпен серуендеп кетіп бара жатқан бір топ шетел турисін көлік қағып, салдарынан төрт адам, оның ішінде екі АҚШ азаматы қаза тапты. Қайғылы оқиға Хатлон облысының Даңғара ауданы Ёксу ауылы аумағында 29 шілде күні болған. Көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен.

Тәжікстан билігі шетел туристерін қаққан адамды іздестіріп жатыр.

АҚШ-тың Тәжікстандағы елшілігі таратқан мәлімдемесінде қаза тапқандардың екеуі америкалық екені айтылады. "Құпия болғандықтан, басқа ақпарат бере алмаймыз. Қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтамыз. Біз Тәжікстан билігімен тергеу кезінде бірлесе жұмыс істейміз" делінген мәлімдемеде.

France-Presse агенттігінің Тәжікстан Ішкі істер министрлігіндегі дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, топ арасында Нидерландының екі азаматы да бар. Дереккөзі жараланғандар мен қаза тапқандардың қай елдің азаматы екенін айтпаған.

"Шұғыл іздестіру жұмыстары кезінде Дангар ауданының Торбулок ауылында 1997 жылы туған Джафариддин Юсуповқа тиесілі автокөлік табылды. Автокөліктегі ақаулар шетел туристерін осы көлік қаққанын растайды", - деп хабарлады Тәжікстанның Ішкі істер министрлігі.

Жеңіл жарақаттанған үш адамға медициналық көмек көрсетілді.

2018 жыл Тәжікстанда туризм жылы деп жарияланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG