Accessibility links

Шымкентте қарсылық танытқан бірнеше саудагерді полиция ұстады


Полиция қызметкерлері орталық базарда дүңгіршектерін сүруге қарсылық танытқан саудагерді ұстап әкетіп барады. Шымкент, 30 шілде 2018 жыл.

Шымкентте орталық базар алдында сауда орындарын сүруге қарсылық танытқан бірнеше адамды полицейлер ұстап алып кетті. Саудагерлерді полиция қызметкерлері сот орындаушылары дүңгіршектерін бұза бастағанда қарсылық танытқан кезде ұстады.

Сот бұзуға шешім шығарған 34 дүңгіршектің саудагерлері кеше сауда орындарын сүруге қарсылық танытып, түнде бала-шағасымен дүңгіршектерде түнеген. Сүру жұмыстары басталмай тұрып сот орындаушылары саудагерлерге сүруге қарсылық танытса бес тәулік әкімшілік қамауға алынатынын немесе айыппұл салынатынын ескерткен. Бірақ саудагерлер оны елемей, сүру жұмыстарына қарсылық көрсеткен соң бес-алты әйелді полиция ұстап, көлікке отырғызып алып кетті. Дүңгіршектерінен шықпай отырған біраз саудагерді полиция қызметкерлері күшпен сыртқа шығарды. Кейбірі өз еркімен тауарларын жинап жатыр.

Сатушылардың айтуынша, шілденің 28-і күні сот орындаушылары өздерін сауда орындары мен дүңгіршектерін бұзу туралы сот шешімімен таныстырып, екі күнде орындарын босатуды талап еткен. Олар Түркістан облыстық соты 27 шілде күні 34 дүңгіршекті бұзу туралы шешім шығарғанын айтады. Сот дүңгіршектерді "заңсыз салынған" деп тапқан. Ал дүңгіршектер орналасқан жердің өзін мемлекетке қайтару туралы сот шешімі 2015 жылы шыққан.

Саудагер Алтынай Нарымбетова бұған дейін Азаттыққа екі күнде басқа жақтан орын тауып, дүңгіршектерін босата алмайтындарын айтқан. Олар билік орындары өздеріне екі ай уақыт берсе, сатушылар базардан өз еркімен кетуге дайын екенін жеткізген. Прокурорлар саудагерлерге базардың ішінен орын тауып беруді ұсынғанымен, сатушылар "базарда сауда болмайды" деп, көшуден бас тартқан.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG