Accessibility links

Ердоған: АҚШ маңызды серіктесінен айырылуы мүмкін


Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған АҚШ президенті Дональд Трамптың Түркияда екі жылдан бері үйқамақта отырған америкалық пастор Эндрю Брансонды босату жөніндегі талабына жауап берді.

Ердоған Оңтүстік Африка республикасына барған сапарында журналистер сұрағына жауап беріп, "Америка маңызды әріптесін жоғалтуы мүмкін" деп мәлімдеді. Ол сонымен бірге Washington Post газетінде жарияланған Дональд Трамп өзінің өтініші бойынша Израильден терроризммен айыпталған түрік азаматын босатуды сұрағанын да растады. Бірақ ол Трампқа жауап ретінде Брансонды босатамын деген сөзін жоққа шығарды.

Вашингтон Брюссельде өткен соңғы саммитте тараптар осындай келісімге келді деп түсінген. Трамптың өтініші бойынша Израиль ХАМАС тобына жәрдем көрсетті деп айыпталған, 27 жастағы Эбру Өзканды босатып, елінен шығарған. Бірақ Брансонның сот ісі қысқартылған жоқ.

26 шілдеде президент Дональд Трамп егер Түркия америкалық пасторды босатпаса, Вашингтон Анкараға "үлкен санкциялар" салады деп ескерткен.

"Ол әбден қиналды. Дін жолындағы бейкүнә адам дереу босатылу керек" деп жазды Трамп Twitter-дегі парақшасына.

Түркияда 20 жылдан астам уақыт тұрып келе жатқан христиан пасторы Эндрю Брансон 2016 жылдың қазан айында Измир шаһарында қамауға алынып, оған "терроризм мен тыңшылық" ісі бойынша айып тағылған. Түрік билігі оны АҚШ-та тұратын түрік діни уағызшысы Фетхуллах Гүленнің адамдарына жәрдем берген және күрд жікшілдерін қорғады деп айыптайды. Егер сот оны кінәлі деп тапса, ол 35 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Өзіне тағылған айыптарды мойындамайтын пастор Брансон 25 шілдеде тергеу абақтысынан үйқамаққа шығарылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG