Accessibility links

Pussy Riot мүшелері қамаудан босаған соң қайта тұтқындалды


Петр Верзилов, ресейлік Pussy Riot тобының мүшесі.
Петр Верзилов, ресейлік Pussy Riot тобының мүшесі.

Мәскеуде футболдан әлем біріншілігі ойыны кезінде "Милиционер ойынға араласады" деген акция өткізгені үшін 15 тәулік қамауда отырған Pussy Riot тобының мүшелері абақтыдан босап шыққан бетте қайта тұтқындалды. Топ мүшелерінің бірі Петр Верзилов Twitter-дегі парақшасында өзін "Лужники" полиция бөліміне апарып, түнеуге қалдырғанын хабарлады.

Топтың өзге мүшелері Вероника Никульшина, Ольга Пахтусова Ольга Курачева да абақтыдан шыққан бойда ұсталып, "Лужники" полиция бөлімшесіне жеткізілді. Топ мүшелерінің бірінің сөзінше, оларды көпшілік іс-шара өткізу тәртібін бұзды деп айыптап отыр.

16 шілде күні Мәскеу соты футболдан әлем чемпионаты болып жатқан кезде алаңға полиция формасын киіп, жүгіріп шыққан Pussy Riot тобының төрт мүшесін 15 күнге қамау туралы шешім шығарған. Судья оларды "спорт шарасы кезінде көрермендердің өзін-өзі ұстау ережесін өрескел бұзу" бабы бойынша айыпты деп таныған. Сот белсенділерді бұған қоса үш жылға дейін спорт жарыстарын тамашалау құқығынан айырып, кейін әрқайсысына бір жарым мың рубль айыппұл салған.


15 шілдеде ресейлік Pussy Riot тобының полиция формасын киген төрт мүшесі әлем біріншілігінің финалдық ойыны өтіп жатқан кезде алаңға жүгіріп шыққан. Олар мұны "Милиционер ойынға араласады" акциясы аясында істегенін айтқан. Ұйымдастырушылар мұны мәскеулік концептуализмнің негізін салған Дмитрий Пригов өлімінің 11 жылдығына арнайтынын мәлімдеген.

Pussy Riot тобы өздерінің Facebook-тегі парақшасында "акцияның мақсаты – саяси тұтқындардың босап шығуына қол жеткізу, репост үшін қылмыстық іс қозғауды доғаруға шақыру, митингілер кезінде заңсыз ұстауды тыю" деп жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG