Accessibility links

Ақтауда "араздық тудырған" тұрғынның соты басталды


Ақтаулық тұрғын Авлабас Жұмаев сот залында отыр. Ақтау, 31 шілде 2018 жыл.
Ақтаулық тұрғын Авлабас Жұмаев сот залында отыр. Ақтау, 31 шілде 2018 жыл.

Ақтау қалалық сотында шілденің 31-і күні қала тұрғыны, "әлеуметтік алауыздық қоздырды" және "билікті басып алуға шақырды" деген күдікке ілінген Авлабас Жұмаевтың ісі бойынша сот отырысы басталды. Азаттық тілшісінің сот залынан хабарлауынша, ашық сот процесіне Авлабас Жұмаевтың әйелі Айгүл Ақберді, кәмелетке толмаған баласы, адвокаттары Жанар Сүндетқалиева және Максим Невеселов қатысты.

Сот басталғанда адвокат Жанар Сүндетқалиева сотқа дейінгі тергеу кезінде іс материалдарымен таныспағанын айтып, судья Нағашыбай Оралбайдан Жұмаевпен бірге отырып іс материалымен танысып шығуға уақыт беруді сұрады.

Бұдан соң судья Нағашыбай Оралбай сотта үзіліс жариялап, кеңесу бөлмесіне шығып кетті. Жарты сағаттай уақыттан соң қайтып келген судья адвокаттың өтінішін қанағаттандыратынын айтып, сотты тамыздың 14-іне қалдырды.

Сотқа ақтаулық белсенділер, оның ішінде азаматтық белсенді Нүрияш Әбдіреева, Италиядағы Адам құқығы жөніндегі федерация мүшесі Олександр Ратушняк та келді.

Ақтау қаласының тұрғындары - ерлі-зайыпты Авлабас Жұмаев пен Айгүл Ақберді және Жеңіс Бисенғазиев Қылмыстық кодекстің 179-бабының 1-тармағы ("Билікті басып алуға шақыру") бойынша күдікті деп танылған. Жұмаев бұған қоса 174-баптың 1-тармағы ("Әлеуметтік алауыздық тудыру") бойынша күдікке ілінген.

Авлабас Жұмаевты полиция 11 мамыр күні жұмысынан ұстап алып кетіп, 13 мамырда сот оны екі айға қамауға шешім шығарған.

Маңғыстау облыстық Ішкі істер департаменті Авлабас Жұмаевқа 11 мамырда, ал Айгүл Ақберді мен Жеңіс Бисенғазиевке 26 маусымнан бастап қылмыстық іс қозғаған. Іс материалдары бойынша, олар Telegram әлеуметтік желісіндегі сот тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысты "ДВК Активист" чатына "Самурай", "Айкена", "Майк никтерімен белсенді қатысушы болған.

Адвокат Максим Невеселовтың Азаттықа айтуынша, қылмыстық істі қозғауға Ә.Е. есімді әйелдің олардың Telegram-дағы хабарламаларының өзіне ұнамағаны туралы жазған арызы себеп болған.

Күдіктілердің өздері "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына сот ресми түрде наурыздың 13-інде "экстермистік ұйым" деп танығаннан бері "ДВК Активист" чатына кірмегендерін айтады.

13 наурызда Астана соты Бас прокуратураның арызы бойынша қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған.

Сот сонымен қатар ҚДТ материалдарын БАҚ, әлеуметтік желі, мессенджерлер мен сайттарда таратуға, қозғалыс қызметін құптайтынын білдіруге, оның ішінде әлеуметтік желілердегі жазбаларға "ұнату" белгісін басуға да тыйым салған. Тыйымнан соң елде "қозғалысты қолдады" деген бірнеше адамға қылмыстық іс қозғалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG