Accessibility links

Жақыпова: Көлік пен пәтер сатқанда зейнетақы жарнасы ұсталмайды


Светлана Жақыпова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.
Светлана Жақыпова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.

31 шілде күні Астанада үкіметте өткен брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова көлік пен пәтер табысынан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) міндетті төлемдер қалай жасалатынын түсіндірді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, вице-министр қазақстандықтардан көлік пен пәтер сатқан кезде қаржы ұсталмайтынын, тек азаматтар қызмет көрсету туралы келісім бойынша табыс тапқан жағдайда зейнетақы қорына төлем жасайтынын айтты.

"Әлеуметтік желілерде жұрт көлігін, пәтерін сатқанда зейнетақы жарнасы ұсталып қалатынын жазып жатыр. Мүлдем олай емес. Мұндай табыстардан зейнетақы жарнасы ұсталмайды. Жарна егер сіз қызмет көрсету туралы келісім бойынша табыс тапсаңыз ғана ұсталады. Қазіргі жағдайда көптеген жұмыс берушілер мен жеке тұлғалар міндетті төлемдерден, зейнетақы жарнасынан жалтару үшін осындай келісім-шарт жасасып алады да, зейнетақы жарнасын төлемейді. Әрі ешкім өзін зейнетақымен қамту жағын, қартайғанда жұмыс істемегендер, зейнетақы жүйесіне қатыспағандар бар болғаны базалық зейнетақы алатынын ойламайды" деді Светлана Жақыпова.

Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңға қоғамда резонанс тудырған түзетулер 14 шілдеде енгізілген. Түзетілген заңда азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім бойынша жұмыс істеп ақша табатын жеке тұлғалар, мысалы, адвокаттар, жеке сот орындаушылары мен нотариустар зейнетақы жарнасын төлеуі тиіс екені айтылған. Жақыпованың айтуынша, қазір осы жарнаны төлеу тәртібі анықталып жатыр. Журналистер бұған дейін заңның бұл нормасын азаматтар жылжымайтын мүлік сатудан түскен табысынан зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттеледі деп түсіндірген еді.

Қазақстан заңы бойынша, азаматтар ай сайынғы табысының 10 пайыз мөлшерін БЖЗҚ есебіне аударуға мiндеттi.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG