Accessibility links

Құқық қорғаушы: Арон Атабектің сағы сынбаған, бірақ шағымы бар


Диссидент Арон Атабек. Алматы, қазан 2007 жыл.
Диссидент Арон Атабек. Алматы, қазан 2007 жыл.

Құқық қорғаушы Елена Семенова 31 шілде күні Павлодардағы түрмеде 18 жылдық жазасын өтеп жатқан диссидент ақын Арон Едігеевпен (шығармашылық лақап аты - Арон Атабек) жолықты. Семенованың Азаттық тілшісіне айтуынша, Арон Атабектің сағы сынбаған, ол мерзімінен бұрын босап шығу үшін рақымшылық жасау туралы өтініш жазудан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Оның үстіне, Атабек 17 шілдеде түрме жазасының үштен екісін өтеген, соның негізінде ол уақытынан бұрын бостандыққа шығару туралы өтініш білдіруіне болады. Құқық қорғаушы 65 жастағы Арон Атабек өмірін түрмеде өткізуі мүмкін екенін түсінетінін, бірақ оны бұл мәселе емес, қолжазбаларының тағдыры қатты толғандыратынын айтады.

Арон Атабек түрмеде жазған өлеңдерін ол әйеліне, адам құқығын қорғаушы Бақытжан Төреғожинаға және досы - сазгер Бақтияр Аманжолға берген.

Атабек өзінің қолжазбаларына "туған баласындай" қарайды, дейді адам құқығын қорғаушы. Ол Семеноваға тағы үш өлеңін берген, бірақ түрме әкімшілігі оларды алып қойып, цензурадан өткенде ғана қайтарылатынын ескерткен.

Арон Атабек құқық қорғаушыға биыл ақпараттық вакуумда қалғанын айтқан. Ақын өзін 65 жасқа толуымен құттықтаған құқық қорғаушы Евгений Жовтистің ғана құттықтауын алған. Атабекке жазылған хаттар жетпейді. Оған телевизор көруге рұқсат етпейді. Бұған қоса Атабектің киімі әбден тозған, дейді Семенова.

Оқи отырыңыз: Шағымданбайды, берілмейді. Диссидент Арон Атабек 65 жасқа толды

Тұтқын Арон Атабек сонымен қатар камера еденінің тозып, шіри бастағанына шағымданған. Сызды әрі салқын камерада жаз мезгілінің өзінде жылы киіммен отыру керек, бірақ Атабектің бар киімінің өзі тозған. Ал Атабек сәлемдеме мен бандероль алу құқығынан айырылған.

2015 жылы 16 желтоқсанда Лондонда Арон Атабектің өлеңдер жинағы ағылшын тілінде Re-Zona-Nce деген атаумен басылып шықты. Оған ақынның "РЕ-ЗОНА-НС" циклындағы өлеңдері енді. 2010 жылы Арон Атабекке Freedom to Create сыйлығы "Түрмедегі шығармашылық иесі" номинациясы бойынша табыс етілді. Атабектің өзі түрмеде отырғандықтан, сыйлықты 2010 жылы қарашада Каирде оның туыстары алды.

65 жастағы Арон Атабек - "Шаңырақ оқиғасы" бойынша ұзақ мерзімдерге сотталған төрт адамның ең үлкені. Оны 2006 жылы 14 шілдеде полиция қызметкерінің өліміне әкеп соқтырған жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін соттады. 18 жылдық жазаны ол Павлодардағы түрмеде өтеп жатыр.


  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG