Accessibility links

СІМ: Душанбедегі арбакеш әйелдің азаматтығын тексеріп жатырмыз


Душанбе базарында арбакеш болып жұмыс істейтін әйел Эльмира Теганова.
Душанбе базарында арбакеш болып жұмыс істейтін әйел Эльмира Теганова.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Азаттықтың Тәжік қызметінде жарияланған мақала кейіпкері Эльмира Теганованың азаматтығы тексеріліп жатқанын хабарлады.

Шілденің 30-ы күні Радио Озоди сайтында Тәжікстан астанасы Душанбе базарларының бірінде арбакеш болып жұмыс істейтін әйел туралы мақала жарияланған. Мақалада төрт баласы бар жұбайымен ажырасқан жалғыз басты ана Эльмира Теганова бірнеше жыл бұрын Астанада тұрғанын, кейін Тәжікстан азаматына тиіп Тәжікстанға барғанын айтқан. Ол еліне қайтқысы келетінін, бірақ жағдайы жоқ екенін жеткізген.

Бұл туралы Азаттық тілшісі Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Душанбедегі консулдығына хабарласып, мақала кейіпкері туралы мәлімет сұрап көрді.

Министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Душанбедегі Қазақстан консулы Асылхан Бекбосынов Тегановамен кездескенін, бірақ ол өзін "Отағановамын" деп таныстырғанын айтты.

- Эльмира Отағановаға байланысты жағдайдан хабардармыз. Онда Қазақстан азаматтығы бар-жоғын білу үшін Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдадық. Өкінішке орай, Отағановада Қазақстан азаматтығын дәлелдейтін ешбір құжат жоқ. Министрлік ведомство жауабына сәйкес әрекет етеді, - дейді Смадияров.

Қазақстанның Душанбедегі консулы Асылхан Бекбосынов Астанада Теганова "әке-шешем тұрады" деген "Әлішер Науаи көшесі" жоғын айтады. Оның сөзінше, Теганова қазақ және орыс тілдерінде нашар сөйлейді, жауабы бұлыңғыр шыққан. Тегановамен хабарласқан Азаттық тілшісі де Тегановамен қазақша, немесе орысша тілдесіп көруге тырысқанымен, әрқандай бір мәлімет алу мүмкін болмаған.

Арбакеш әйел туралы мақаланы кейін Радио Озоди сайтынан қазақстандық кейбір басқа да сайттар көшіріп басып, әлеуметтік желілерде талқылана бастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG