Accessibility links

Әріптестері адвокат Бауыржан Азановқа қолдау көрсетті


Заңгер Бауыржан Азановты қолдап баспасөз мәслихатына жиналған адвокаттар мен белсенділер. Алматы, 2 тамыз 2018 жыл.
Заңгер Бауыржан Азановты қолдап баспасөз мәслихатына жиналған адвокаттар мен белсенділер. Алматы, 2 тамыз 2018 жыл.

Алматыда 2 тамыз күні адвокат, көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату ісі бойынша қорғану құқығы бар куәгер деп танылған Бауыржан Азановтың жақтастары оған қолдау білдіріп, баспасөз мәслихатын өткізді. Қазақстандағы халықаралық адам құқығы бюросы кеңсесінде өткен жиынға Азановты қолдайтын адвокаттар және азаматтық белсенділер қатысты. Өткен аптада адвокатқа биылғы көктемде қазіргі Түркістан облысы Абай ауданында зорланған жеті жасар баланың құқығын қорғау барысында "тексерілмеген, жалған ақпарат таратты" деген айып тағылып, полиция шақырған.

Бауыржан Азановтың айтуынша, өзіне қатысты Қылмыстық кодекстің 256-бабы ("Көпе-көрінеу жалған ақпар тарату") бойынша қылмыстық іс биыл 23 мамырда қозғалған. Бірақ өзіне ол туралы шілденің соңында ғана хабарланған. Ол бұл істе қорғану құқығы бар куәгер деп танылғанын естіп-білген соң адвокат Айман Омаровадан өзін қорғауды сұраған.

Айман Омарова соңғы жылдары адвокаттарды қылмыстық қудалау жағымсыз құбылысқа айналғанын, бұл нәрсе өзін демократиялық ел санайтын мемлекеттің беделіне нұқсан келтіретінін айтады. Оның сөзінше, бірер күн бұрын Халықаралық заңгерлер комиссиясы Азановты қудалауды тоқтатуға шақырған.

Қазақстандағы халықаралық адам құқығы бюросының директоры Евгений Жовтис тергеу органдары мен прокуратура қазір қорғану құқығы бар куәгерлерді кейін түрлі сараптама жасатып, куәгерден күдіктіге және айыпталушыға айналдыру әдісін қолданатынын айтты.

Құқық қорғаушылар тергеу мен прокуратура мұндай тәсілді әсіресе "көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату" және "араздық тудыру" сияқты "саяси" баптармен іс қозғағанда жиі қолданатынына алаңдайды.

Кейбір азаматтық белсенділер астаналық құқық қорғаушылар мен белсенділердің адвокат Бауыржан Азановты қолдап қол жинауына демеу көрсетуге шақырды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG