Accessibility links

Зимбабве президенті сайлауында Эммерсон Мнангагваның жеңгені хабарланды


Зимибабвенің уақытша президенті Эммерсон Мнангагва президент, парламент және жергілікті өкілді органдар сайлауында дауыс беріп тұр. Квекве, Зимибабве, 30 шілде 2018 жыл.
Зимибабвенің уақытша президенті Эммерсон Мнангагва президент, парламент және жергілікті өкілді органдар сайлауында дауыс беріп тұр. Квекве, Зимибабве, 30 шілде 2018 жыл.

Зимбабве сайлау комиссиясы 3 тамыз күні таңертең уақытша президент Эммерсон Мнангагва президент сайлауында аз ғана басымдықпен жеңіске жеткенін жариялады. Зимбабведе президент сайлауы елді 37 жыл басқарған Роберт Мугабе 2017 жылы қарашада әскери төңкеріс нәтижесінде биліктен кеткеннен кейін алғаш өтіп отыр.

Оппозиция сайлау нәтижелерін қабылдамай, оны сотқа беретінін мәлімдеді. Бірақ Мнангагва елді бірлікке шақырып, елде "жаңа кезең" басталғанын мәлімдеді.

Сайлау комиссиясының мәліметінше, Мугабенің бұрынғы серігі Мнангагва сайлаушылардың 50,8 пайыз даусын жинады. Ал оның басты қарсыласы, оппозициялық MDC-T партиясының басшысы 40 жастағы Нельсон Чамиза 44,3 пайыз дауыс алды.


30 шілдеде зимбабвеліктер президент сайлауымен қатар парламент және жергілікті өкілді органдар сайлауына да дауыс берген. Ол күні дауыс беру тыныш өткен. Бірақ 1 тамыз күні жұрт сайлаудағы "дауыс беру нәтижелерін бұрмалауға" қарсылық танытып, көшеге шықты. Полицияның демонстранттармен болған қақтығысынан алты адам қаза тапты.

Батыс елдерінің бақылаушылары ел астанасы Хараре көшелерінде әскерилердің "шектен тыс көбейгеніне" алаңдаушылық танытып жатыр.

Сарапшылар Роберт Мугабенің ондаған жылғы авторитарлық билігінен арылған Зимбабве осы сайлау арқылы халықаралық оқшаулаудан босап, ел экономикасын қайта жанландыру үшін шетел инвестициясын тартуға мүмкіндік туады деп үміттенеді. Зимбабвеге салынған халықаралық санкцияларды жоюда бақылаушылардың сайлауға беретін бағасы ескерілмек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG