Accessibility links

БҰҰ Йемендегі соғысушы тараптарды бітімге шақырмақ


Йеменде хусит көтерілісшілерінің шебіне оқ жаудырып тұрған үкіметті қолдайтын жасақтар. 1 шілде 2018 жыл.
Йеменде хусит көтерілісшілерінің шебіне оқ жаудырып тұрған үкіметті қолдайтын жасақтар. 1 шілде 2018 жыл.

БҰҰ-ның Йемен бойынша арнайы елшісі Мартин Гриффитс Йемендегі соғысушы тараптарды қыркүйектің 6-сына Женевада соғысты тоқтату жөнінде бейбіт келіссөз бастауға шақыратынын мәлімдеді.

Араб мемлекеттері арасындағы ең кедей ел Йеменде Сауд Арабиясы жақтайтын үкімет әскері мен Иран қолдайтын хусит көтерілісшілері төрт жылдан бері соғысып жатыр.

Көбінесе Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы жасырын соғыс саналатын Йемендегі қақтығыстардан 10 мыңға тарта адам қаза тауып, сегіз миллионға тарта адам аштық шегінде өмір сүруге мәжбүр болып отыр.

БҰҰ Йемендегі соғысты әлемдегі ең ауыр гуманитарлық апат деп атады.

2 тамыз күні Нью-Йоркте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде сөйлеген Мартин Гриффитс бейбіт келіссөз өткізу жөніндегі кеңесу екі жыл бұрын тоқтап қалғаннан бері алға жылжымағанын айтты.

"Йемендіктер үшін бұл соғыс әзір аяқталмайды. Мен күн сайын біз қорғап қалуға тиісті талай адамның жаны қиылатынын қатты сезініп отырмын" деді Гриффитс.

БҰҰ өкілі бірнеше күн бұрын Йемен президенті Абд Раббу Мансур Хадимен және хусит көтерілісшілерінің жетекшісі Абдел Малек әл-Хуситпен кездескен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG