Accessibility links

Алматының жергілікті полиция қызметі басшысы жұмысынан кетті


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Алматы қалалық жергілікті полиция қызметінің (ЖПҚ) басшысы Жасұлан Байкенов «өз рапорты бойынша» жұмысынан босатылды деп хабарлады қалалық ішкі істер департаменті (ІІД) баспасөз қызметі. Байкенов бұл қызметті 2016 жылғы қаңтардан бері атқарып келген. Сонымен бірге, «жұмыстағы олқылықтар» үшін Алматының Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің басшысы Серік Құмабековтің қызметінен алынғаны туралы ақпарат жұма күні Алматы ІІД баспасөз қызметінің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми сайтында жарияланды.

Департамент хабарламасында ЖПҚ басшысы міндетіне өзгелермен бірге қоғамдық тәртіп күзетін қамтамасыз ету, сонымен бірге қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтың алдын алуды қадағалау жататындығы айтылған.

Полицияның екі шенеунігінің қызметтен алынғаны туралы шілденің 19-ы күні Алматының орталығындағы көшеде жасалған шабуылдан белгілі спортшы Денис Теннің қаза табуына байланысты қоғамда қоғамдық қауіпсіздіктің жағдайына алаңдаушылық пен полиция қызметіне деген сын күшейгеннен кейін хабарланып отыр. Ол қылмысқа күдікті ретінде полиция екі адамды ұстап, «олар спортшының автокөлігінен айнасын ұрламақшы болған» деп мәлімдеген.

Теннің қазасынан кейін полиция базарларда арнайы тексеру шаралары жүргізіліп, автокөлік ұрлығына күдіктілердің ұсталғаны туралы бірнеше рет хабарлаған. Оған дейін әлеуметтік желілерде Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Алматы ІІД бастығы Серік Күдебаевтың отставкаға кетуін талап еткен үндеулер жиілеген болатын. Алматы қаласының қоғамдық кеңесі ел басшылығына аталған екі шенеунікті отставкаға жіберу туралы ұсыныс жолдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG