Орал тұрғындары зейнеткер Ысқақ және Баян Әзбергеновтер 7 тамыз күні қаладағы орталық Абай алаңында қарсылық акциясын өткізді. Баян Әзбергенова қолына Батыс Қазақстан облысының үш судьясының отставкаға кетуін талап ететіні жазылған плакат ұстап шықты. Зейнеткерлердің пікірінше, ол судьялар өздерінен "Коммунальник" пәтер иелері кооперативінің (ПИК) алдындағы қарызды өтеу бойынша "заңсыз" шешім шығарған.
Әзбергенова барлық қарызын өтегенін айтып, судьялардың шешімі бойынша зейнетақысынан "қарызды өтеуге" ақша ұсталып отырғанына шағымданды.
Наразылық танытқан зейнеткерлерге Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Ербол Көшеков шығып, оларды сөйлесуге кабинетіне шақырды. Көшеков зейнеткерлердің ПИК-ке 16 мың теңге қарыз екенін айтады.
"Коммунальник" ПИК төрайымы Татьяна Роточкова Азаттық тілшісіне зейнеткерлердің 16 мың теңге қарыз екенін, оларға қарызы бары және оған қатысты сот шешімі шыққаны туралы алдын ала ескерткенін айтады. Роточкованың сөзінше, зейнеткерлер тұратын көпқабатты үйдің жалпы қарызы шамамен бір миллион теңге болады және ПИК ол қарызды сот арқылы өндіріп алуға мәжбүр болып отыр.
Әзбергеновтер сот шешіміне одан жоғарғы инстанцияда шағымданатынын айтады.
2011 және 2012 жылдары Әзбергеновтер Тасқала ауданының Тасқала ауылында жеке меншік үйлерінің жартысын сүруге қарсылық танытып, бірнеше рет акция өткізген еді. Кейін оларға Оралдан пәтер берілген.
ПІКІРЛЕР