Accessibility links

Ауғанстанда "Талибан" уәлаят орталығына шабуыл жасады


Ғазни уәлаятында жүрген ауған қауіпсіздік күштерінің сарбаздары, Ауғанстан (Көрнекі сурет).
Ғазни уәлаятында жүрген ауған қауіпсіздік күштерінің сарбаздары, Ауғанстан (Көрнекі сурет).

Ауғанстанда "Талибан" қозғалысының содырлары Ғазни уәлаятының әкімшілік орталығы Ғазни қаласына шабуыл бастады. Ауғанстан билігі өкілдерінің 10 тамыз күні хабарлауынша, қазір Ғазниде ауған қауіпсіздік күштері содырлармен шайқасып жатыр.

Уәлаят губернаторының ресми өкілі Ариф Нуридің AFP агенттігіне хабарлауынша, шабуылдан кем дегенде бір ауған сарбазы оққа ұшып, жетеуі жараланды. Оның сөзінше, шайқаста тұрғындардың үйлері мен полиция бекеттеріне оқ жаудырылып, ондаған "Талибан" жасағының көзі жойылған.

Ауғанстан қауіпсіздік күштерінің шенеунігі "Талибан" шабуылын тойтару үшін қалаға қосымша полиция жасақтары жеткізілгенін айтады.

"Талибан" қаладағы "үкімет мекемелерінің көбін бақылауына алғаны" туралы мәлімдеме жасады. Экстремистік топ өзінің "үш жасағы" қаза тауып, сегізі жараланғанын, ал үкімет күштері жағынан "ондаған адам оққа ұшып, жарақаттанғанын" айтады.

Алайда, Ауғанстан Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Мохаммад Радманиш қала үкімет күштерінің бақылауында екенін хабарлады. Ол үкімет күштері адам шығынына ұшырағанын, я жараланғанын айтпады.

Ғазни ауруханасының басшысы Баз Мохаммад Гемат Associated Press агенттігіне шабуылда жараланған қауіпсіздік күштерінің тоғыз сарбазы емделіп жатқанын хабарлады.

Биыл мамыр айында "Талибан" содырлары елдің батысындағы Фарах қаласына шабуылдаған. Бірақ бір күн кескілескен шайқастан соң ауған арнайы жасақтары мен АҚШ әуе күштері содырларды қаладан тықсырып шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG