Accessibility links

Беларусьте ұсталған кейбір журналистер әлі қамауда отыр


Минскідегі TUT.BY порталының кеңсесі. Беларусь, 8 тамыз 2018 жыл.
Минскідегі TUT.BY порталының кеңсесі. Беларусь, 8 тамыз 2018 жыл.

Беларусь тергеушілері соңғы күндері мемлекеттік БелТА агентігінің компьютерлік желілеріне хакерлік шабуыл жасады деген күдікпен ұсталған журанлистердің барлығы босатылғанын мәлімдеді. Алайда, кейбір тәуелсіз журналистер әлі қамауда отыр.

Босатылған журналистер қатарында тәуелсіз TUT.BY порталының үш қызметкері - редакторлар Марина Золатава мен Анна Калтыхина және тілші Анна Ермачонак бар.

Золатава Азаттықтың Беларусь абақтыдан босатылғанын, бірақ енді өзінің "салақтық танытты" деген күдікке ілінгенін айтты.

"Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, Беларусь Тергеу комитеті Золатава өз қызметкерінің "ұзақ уақыт БелТА-ның ақылы ақпараттық қызметіне рұқсатсыз кіргенін" және оны біліп жүргенін мойындағанын мәлімдеді. Дегенмен, тергеу комитеті Золатава "тергеуге болысатындықтан" қамаудан босатылғанын айтады.

TUT.BY порталының негізін қалаушы Юрий Зиссер Facebook-те порталдың барлық қызметкері босатылғанын, бірақ тергеу комитеті тергеу шараларын жалғастырып жатқанын және бірнеше журналисті сотқа тартуы ықтимал екенін жазды.

Құқық қорғау ұйымдары үкімет президент Александр Лукашенко мен оның билігін сынайтын тәуелсіз БАҚ-тың үнін өшіруге талпынып жатқанын айтады.

Беларусь Сыртқы істер министрлігі мұндай тұжырымды жоққа шығарды.

Бірер күн бұрын тергеушілер TUT.BY порталы мен БелаПАН тәуелсіз ақпарат агенттігінің кеңселерін тінтіген.


9 тамыз күні кешке тағы екі журналист - "Беларуси и маркет" сайтының редакторы Алексей Жуков пен БелаПАН тілшісі Татьяна Караванькова да қамаудан босатылды.

Дегенмен, тағы екі журналист әлі қамауда қалып отыр.

Deutsche Welle радиосының тілшісі Паулюк Буковскийдің әйелі Волха Буковская Facebook-те күйеуінің әлі қамауда екенін және 10 тамыз күні тағы тергелетінін жазды. Оның сөзінше, тергеушілер күйеуін барлық компьютері мен банк карточкаларын тәркілеген соң 8 тамыз күні ұстаған.

Сонымен бірге, 9 тамызда ұсталды делінген БелаПАН агенттігінің редакторы Ирина Левшинаның жағдайы да белгісіз.

Deutsche Welle Берлиндегі Беларусь елшісі Денис Сидаренкаға қарсылық білдіріп, Буковскийдің босатылуын талап еткенін хабарлады. Радио аккредитациясы бар журналистерге қатысты істе заң үстем тұруы тиіс екенін мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG